Израиль мен ХАМАС уақытша бітімге келуі мүмкін

Таяу Шығыста тыныштық орнай ма?

Бірер күн бұрын АҚШ президенті Джо Байден Израиль әскері мен ХАМАС өкілдері Рамазан кезінде 40 күндік бітім жариялауға жақын қалды деген мәлімдеме жасады. Барша мұсылман үшін қасиетті айдың басталуына 2 аптадан аз ғана уақыт қалды. 

Бітімнің берері мол

Израиль әскері мен ХАМАС өкілдері арасындағы уақытша бітім келесі дүйсенбіден күшіне енуі мүмкін. АҚШ Президентінің мұндай мәлімдемесі көпшіліктің көңіліне үміт ұялатқандай болды. Оның сөзінше Дохада келіссөз жүргізіп жатқан тараптар бір мәмілеге келуге жақын қалған. Бірақ Ақ үй басшысы осылай деп айтқанмен екі жақтың өкілдері оған қатысты әлі түсініктеме берген жоқ. Ал Байденнің айтып отырған уақытша бітімі келесі дүйсенбіде, яғни 4-наурызда күшіне еніп, Рамазан айының соңына дейін жалғаспақ-мыс. Белгілісі тек қазір Египет, Катар және АҚШ арағайындығымен келіссөздер әлі жалғасып жатыр. ХАМАС-тың басты талабы - атысты тоқтату. Израиль болса қозғалыс жасақтарының қолындағы тұтқындарды кері қайтаруды сұрап отыр. Былтыр қазанда ХАМАС тұтқындап әкеткен 134 адамның тадыры әлі күнге дейін белгісіз.

Маджид Әл-Ансари, Катар СІМ ресми өкілі:

- Келіссөздер жалғасып жатыр. Әзірге ештеңе айта алмаймыз. Кейбір сұрақтар бойынша келіспеушіліктер бар. Тараптар бүгін-ертең бір мәмілеге келетін шығар деп отырмыз. Рамазан айы басталмай тұрып гуманитарлық бітім жарияланса, бәріміз үшін де жақсы болар еді.

Гуманитарлық апат қаупі төніп тұр

Бұған дейін Израиль билігі 10-наурызда Рафахта әскери операция бастайтынын жария еткен. Бұл қала Египет шекарасы маңында орналасқан. Қарулы қақтығысқа дейін шаһарда 250 мыңдай адам тұратын. Қазір Газаның солтүстік бөлігіндегі ұрыстардан бас сауғалап қашқан бір жарым миллионға жуық палестиналық бар. Сондықтан халықаралық ұйымдар Израиль шаһарда ауқымды әскери операция бастаса, соңы гуманитарлық апатқа ұласады деп ескертуде. Қазір қаладағы ахуал күрделі. Азық-түлік тапшы. Сарапшылар «бітім жарияланса, аймаққа жеткізілетін гуманитарлық көмек ұлғаяр еді» дейді.

Карл Скау, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы атқарушы директорының орынбасары:

- Қазір Газа Секторында әлем бойынша аш-құрсақ балалардың саны өте көп. Мұнда екі жасқа әлі толмаған әрбір алтыншы бүлдіршін тойып тамақ ішпейді. Жаппай ашаршылық қауіпі бар. Біз үшін уақытша бітім маңызды. Қарулы қақтығыстан халыққа көмек көрсете алмай отырмыз. Оқ ату тоқтаса, бағдарламамызды кеңейтер едік.

Тараптар келіссөздер жүргізіп жатқанша халықаралық қауымдастық Газа Секторының халқына көектесуге бар күшін салып жатыр. Египет босқындарға арналған екінші лагерьдің құрылысын аяқтады. Алдағы уақытта үшіншісі бой көтереді. Бұдан бөлек Мысыр билігі бір жарым миллионға жуық палестиналыққа пана болған Рафах қаласында дала госпиталі мен гуманитарлық жүкті үлестіруге арналған екі логистикалық орталық тұрғызуға ниетті.