Жасанды интеллектіден қауіп төне бастады
Ұлыбритания билігі осы жылдың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері ықпал етеді деп қауіптенеді.
Өйткені соңғы уақытта саясаткерлердің жалған видеолары мен аудиожазбалары желіде қаптап кеткен. Сарапшылар: «Технологиялық компаниялар мен үкімет бірлесіп шара қолданбаса, жалған ақпараттар түрлі шиеленістерге алып келуі мүмкін», – дейді.
Ұлыбританиядағы сайлау нәтижелерін жасанды интеллект көмегімен ниеті қара мемлекеттердің атынан әрекет ететін қылмыскерлер бұрмалауы ықтимал. Мұндай мәлімдемені Кремний алқабының басшыларымен кездесу кезінде осы елдің Ішкі істер министрі Джеймс Клеверли жасады. Оның пікірінше, саяси науқанның өтуіне жылдам дамыған технологиялардан қауіп жоғары.
Джеймс Клеверли, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:
- Әрине, жасанды интеллектінің артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Сондықтан ықтималды қауіп-қатердің алдын алу маңызды. Технологиялық компаниялар бұл істе Ұлыбритания үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді деген үміттемін.
Өткен жылы Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармердің әріптестеріне айқайлап, балағаттап жатқаны жазылған таспа әлеуметтік желілерде тараған еді. Кейін бұл - жасанды интеллект жасаған жалған аудиожазба екендігі мәлім болды. Лондон мэрі Садик Ханның да осылай жазылған даусы дау-дамай туғыза жаздады. Полиция аудиожазбаларды тексергенмен, «қылмыстық құқықбұзушылық емес» деген қорытындыға келді. Бірақ сарапшылар: «Дипфейктермен жан-жақты күрес жүргізілмесе, демократияға қауіп көп», – деп отыр.
Прия Лакхани, Century Tech компаниясының бас директоры:
- Дипфейктерді анықтау механизмдері дамып жатыр. Мысалы, "Интел" компаниясы тері астындағы қан айналымын зерттеу арқылы жалған видеоларды табатын технология ойлап тапты. Бірақ олар жетілдірілген сайын жасанды интеллект те тез дамып келеді. Әсіресе аудиожазбаның рас-өтірігін әшкерелеу қиынға түсіп отыр.
Осы жылы Ұлыбритания, АҚШ және Үндістан сияқты көптеген елде сайлаулар өтіп, шамамен 2 миллиард адам дауыс береді деген болжам бар. Жақында жаһандық технологиялық компаниялар жасанды интеллектіден туындайтын қауіптің алдын алу үшін «ақылға қонымды қауіпсіздік шараларын» қолдану туралы келісімге қол қойды. Олар бұл арқылы өз өнімдерін зерттеуге рұқсат етіп, саланы бірлесіп басқаруға келісті. Сарапшылар жасанды интеллектің сайлауларға ықпал ете алатыны қатты алаңдатып отырғанын жасырмайды.
Сэмюэл Альтман, OpenAI бас директоры:
- Осы саладағы бірлестіктер мен үкіметтер саяси науқандарды қорғау үшін бірлесіп әрекет ете алады. Біздің бұл бағытта қолдануға болатын әдіс-құралдарымыз жеткілікті. Қадағалау саясатын ұстана отырып, жалған жаңалықтарды әзірлейтін тұлғаларды анықтауға мүмкіндік бар.
Бірақ барлығы да бұл технологияның ықтималды қаупімен ешбір компания, үкімет немесе азаматтық қоғам ұйымы жеке-дара күресе алмайтынын мойындайды. «Сондықтан адамдар әрдайым ақпаратты сын тезінен өткізіп отыру қасиетінен арылмауы керек», – деген пікірде.
Андреас Шлейхер, Экономикалық әріптестік және даму ұйымы департаментінің директоры:
- Жасанды интеллектіден қорқуға еш себеп жоқ. Ойлай білу қасиетімізден ада болмасақ болды. Бірақ егер сіз фактілерді пікірлерден ажырата алмасаңыз және ChatGPT нұсқауларын шартсыз орындасаңыз, қауіпті аймаққа кіресіз.
Сарапшылар да жалған деректерден қорғану үшін ең алдымен желідегі ақпаратты саралай білу керек. Ал бұл үшін ғаламтордағы дүниелерді талдай білуге балалармен бірге ересектерді үйрету қажет, – дейді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.