Грузияда гидтер арасында дау туды

Салаға жауапты қауымдастық: «Экскурсияны тарихты жақсы білетін, мемлекеттік тілді меңгерген және арнайы біліктілігі бар мамандар жүргізуі керек», – дейді.

Ал екінші топ мұнымен келіспей, өз уәждерін айтып жатыр.

Жергілікті гидтер туризм саласында шетелдіктердің жұмыс істегенін қаламайды. Елде Ресей, Армения, Иран және басқа мемлекеттерден жол нұсқаушылар қаптап кеткен. Олар мемлекеттік тілді білмейді, тарихты бұрмалайды және, ең бастысы, рұқсатсыз, тіркеусіз жүр. Есесіне бағаны арзандатып тастаған.

Русудан Джапаридзе, Грузияның гидтер қауымдастығының мүшесі:

- Әділдік болса дейміз. Арамызға салық төлемейтін бөтен елдің азаматтары кіріп кеткен. Олар туристерге ойына келгенін айтып жүр. Біз гид болуға жылдап дайындаламыз. Мұның бәрі – еңбек. Көлденең көк аттыға жем болуды дереу тоқтату қажет.

Шетелдік гидтердің ішінде ұяттылары да бар. Мәскеулік Анастасия Наумова Грузияда туризм саласында тер төгіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Бизнесін тіркеген, үнемі біліктілігін көтерумен келеді. Ол да гидтердің жұмысына жауапкершілікпен қарауды қолдайды.

Анастасия Наумова, гид:

- Қандай да бір елге алғаш келген адам кез келген ақпаратты қабылдай береді. Сол арқылы пікір қалыптастырады. Десе де гидтің біліктілігін анықтау қиын. Мүмкін арнайы тест керек шығар. Бірақ грузин тілін білу міндетті емес деп ойлаймын. Мысалы, қытайлыққа ел мен жерді таныстырғанда грузинше білудің не қажеті бар? Ең бастысы, тарих пен мәдениетті бұрмаламау керек.

Былтыр желтоқсанда туризм саласы туралы арнайы заң қабылданды. Ол 2025 жылы күшіне енуге тиіс. Онда барлық туроператорлар, агенттіктер мен гидтер ресми тіркелуі керек. Бірақ дау шығарған мамандардың талабы ескеріле ме, жоқ па – ол жағы әзірге белгісіз.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина.