Қытай ақылды роботты сынақтан өткізді
Қытай ғалымдары қоқыс тазалайтын ерекше робот жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл бұған дейінгі құлтемірлерге ұқсамайды. Жаңа робот адамның сөзін түсінеді. Тіпті берілген тапсырманы талдап, өздігінен жұмыс істей береді. Жасанды интеллектіге негізделген жоба сынақтан сәтті өтті.
Жаңа жоба Ханчжоу қаласында таныстырылды. Ақылды робот-тазалағыш бірнеше тілді түсінеді. Ауызша берілген тапсырманы қабылдап, сол мезетте орындайды. Ғалымдар бұған жасанды интеллект технологиясын интеграциялаудың арқасында қол жеткізіп отыр.
Чэн Цзюньбо, жоба жетекшісі:
- Роботқа жасанды интеллектісіз тапсырманы ауызша орындату мүмкін емес. Біз оған бейнекамера мен сенсор орнаттық. Ол нақты тазалайтын нысанды анықтап, аумағы мен көлемін тез өлшеуге мүмкіндік береді. Бұл компоненттер жинақталған мәліметті жасанды интеллект базасына жібереді. Нұсқау алған робот бірден орындауға кіріседі.
Бар әңгіме роботтың процессорында. Жоба авторы технологияны жасанды интеллектімен толықтырған. Қазір Қытайда бұл роботтарды өндіріс орындарында белсенді пайдалана бастады. Автоматты қуаттау, логистика, қоғамдық орындарды патрульдеу сияқты бағытта кең қолданысқа еніп жатыр. Тіпті кондитерлік салада да сұранысқа ие.
Чэн Цзюньбо, жоба жетекшісі:
- Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері шексіз. Бұл – тез дамып келе жатқан технология. Интеграциялаудың арқасында қарапайым роботты жаңғырттық. Өздігінен талдау жасайтындай деңгейге жеткіздім. Бұл роботтың миы деуге болады. Біз оған кәдімгі адамға сөйлегендей тапсырма бере аламыз. Ол түсінеді. Орындайды.
Қытай ғалымдары робототехника мен жасанды интеллектіні байланыстыру арқылы елдегі технологиялық прогресті бірнеше есе жеделдетуге ниетті. Ал сарапшылар бұл жетістіктің экономикалық потенциалы барын жарыса айтып жатыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.