Мамандар: Тату сиясы тері обырын туғызады

Әлемде қатерлі ісік жасарып барады.

Әсіресе тоқ ішек обырына шалдығу жиілеген. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Індеттің өршу себебі көп. Америкалық ғалымдар соның ішінде дертке шалдықтыратын ең негізгі факторды анықтады. Ол – денеге салынған тату бояуы. Ал ресейлік ғалымдар болса жуық арада обырға қарсы екпе әзірлеп, қолданысқа енгізбек. Бұл зерттеулер қатерлі кеселді ауыздықтауға әсер ете ме?

Қазір Жер шарында 20 млн-ға жуық халық қатерлі ісік бойынша диспансерлік есепте тұрады. Сарапшылар: «бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді», – дейді. 2040 жылға қарай 30 млн тұрғын дерттің құрығына ілігеді деген болжам бар.

Әлемде қатерлі ісік дендеп барады

Әлемде тұрғындар арасында тоқ ішек обырына шалдығу жиілеген. Әсіресе 50-ді еңсермегендер дерттің құрығына көп ілігіп отыр. Дүниежүзі ғалымдарының айтуынша, бұл үдеріс жыл сайын 2%-ке артып келеді. Зерттеулер бұған адамдардың ауруға селқос қарауы мен тұқымқуалаушылық және генетикалық факторлар әсер етіп отырғанын көрсеткен. Сарапшылар: «қатерлі дертті ауыздықтаудың амалы – салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану», – дейді.

Нин Джин, медицина ғылымдарының докторы:

- Алкоголь мен темекіге тәуелділік, салауатты өмір салтын ұстанбау, майлы тағамдарды көп тұтыну тоқ ішек обырына әкеп соғады. Зерттеу нәтижесінде байқағанымыз, мұнан бөлек, генетикалық синдромы бар науқастардың шамамен 20%-і ерте басталған тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдығады. Сондықтан әр адам скринингтен жиі өтіп отыруы керек.

 

Қатерлі дертке қарсы вакцина

Ресей ғалымдары жуық арада обырға қарсы екпе жасап шығармақ. Әзірге вакцинаның ісіктің қай түріне қарсы әзірленетіні белгісіз. Бірақ емделушілер: «арасында жеке терапия ретінде қолданысқа енгіземіз», – дейді. Қазір Федерациядан бөлек, бірнеше ел қатерлі ісікке қарсы вакциналармен жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы Ұлыбритания үкіметі неміс компаниясымен 2030 жылға қарай 10 мың пациентті емдеуді қамтамасыз ететін клиникалық сынақтарды бастау туралы келісімге қол қойды. ДДСҰ-ның мәліметінше, әлемде қатерлі ісікті туғызатын 6 вирусқа қарсы екпе қолданыста. Нақтырақ айтсақ, жатыр мойны обырын туғызатын папиллома вирусы, бауыр обырын туғызу қаупі бар А, В гепатитіне қарсы лицензияланған вакцина бар.

 

Тату сиясы тері обырын туғызады

Тату сиясының құрамындағы химиялық қоспа тері қатерлі ісігін туғызуы мүмкін. АҚШ-тағы Бингемтон университетінің ғалымдары соңғы зерттеуінен соң осындай тұжырымға келген.

Мамандар Американың тату салондарында қолданылатын танымал 54 түрлі бояудың құрамын зерттеп көрген. Қорытындыға сәйкес оның 45-інен денсаулыққа қауіп төндіретін химиялық зиянды қоспа анықталған. Бұл қоспа ағзадағы қан мен лимфа бездерін зақымдап, тері және басқа да қатерлі ісік түрлерін туғызады. Мұнан бөлек, бауыр мен бүйрекке зиян келтіріп, неврологиялық дертке шалдықтырады. Pew зерттеу орталығының мәліметінше, 30 бен 49 жас аралығындағы Америка халқының жартысына жуығы татуировка жасатқан.

Джон Свирк, ғалым:

- Өндірушілер бұл олқылықты жою үшін процесс кезінде тауарға мұқият болады деп үміттенеміз. Ал суретшілер мен тұтынушылар үшін бұл өнім сапасын арттырып, өндірісті жақсартуға көмектеседі.

Айта кетейін, осыдан 2 жыл бұрын Еуроодақ құрамында қауіпті химиялық заттар бар екі жасыл және көк тату сиясына тыйым салды.