Британияда Қазақ орталығы ашылды
Тұманды Альбионда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени-достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған Қазақ орталығының ашылуы өтті.
Ол жергілікті жұртшылықты ана тіліміз бен ұлттық дәстүрімізді кеңірек таныстырып, елдегі қандастарымыздың басын біріктіруді көздейді.
Ұлыбританиядағы қазақтардың саны жылдан жылға артып келеді. Озық оқу орындарында білім алып жатқан студенттер және жергілікті компанияларда уақытша жұмыс істейтін отандастарымыз көп. Жырақта жүрсе де, жүректері туған жер деп соғады. Қазақ орталығы, ең алдымен, сол қазақтардың басын біріктіруді мақсат етіп отыр.
Исмаил Кесижи, Ұлыбританиядағы қазақ орталығының төрағасы:
-Жалғыз Түркиядан келген қазақ диаспорасы емес, Қытайдан келген, Моңғолиядан, Қазақстаннан келген, әртүрлі мақсаттармен келгендер бар. Осы жақта 250-ден астам қазақ қыздары бар, әртүрлі британиялықтарға тиген. Солардың басын құрап, қазақ мәдениетін, қазақ дәстүрін, қазақ тарихын насихаттау.
Шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығы зор. Димаш Құдайбергеннің танымалдылығы артқалы бері тіпті көбейген. Ресми тіркелген жанкүйерлерінің саны мың жарымнан асып жығылады. Сүйікті әншісінің әндерін түсіну үшін қазақ тілін үйреніп жүр. Олар бүгінгі шарада да ұлтымыздың әдет-ғұрыптарымен танысты.
Хан Арал, студент (Түркия):
- Сіздерде қуанышты сәттерде шашу шашатын дәстүр бар екенін білдім. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраның үнін алғаш естідім. Керемет екен.
Шахим Джаффри, студент (Пәкістан):
- Маған қазақтардың қонақжайлығы ұнады. Жақын танымаса да дастарханға шақырып, құрмет көрсетіп жатыр.
Орталықтың ашылуы Уорик университетіндегі қазақ жастарының балымен тұспа тұс келді. Жыл сайын өткізілетін шара биыл да Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде оқып жатқан студенттердің басын қосты. Олар қазақ тілінде ән шырқап, би биледі.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Бұл шараны студенттердің өздері ұйымдастыратыны қуантады. Олар білім алып қана қоймай, көпшілікпен араласып, еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге де көңіл бөліп отырады. Елшілік мұндай бастамаларды әрдайым қолдап отыруға дайын.
Іңкәр Нұрәділ, студент:
- Осы жылғы балды біз ұлттық нақышта өткіземіз деп шештік. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын паш етіп көрсету, келесі ұрпаққа дәріптеп жеткізу әрбіріміздің міндетіміз деп білемін. Мысалға, бүгін жүзік, сырға тағып, шапандар киіп келіп көрсеттік.
Орталық қазақстандық дарынды жас музыканттарды Ұлыбританияға шақырып, өнерлерін насихаттауды жоспарлап отыр. Жергілікті халықты отандық кәсіпкерлердің өнімдерімен де таныстыру ойластырылып жатыр. Орталық қызметкерлері қазақтың билері мен киімдерін трендке айналдыруды мақсат етеді.
Ғалымжан Қараманұлы