Қытайда кәрі адамдар саны артып барады
Қытай ұлты қартайып барады. Ресми статистикаға сәйкес халықтың 21 пайызының жасы 60-тан асып кеткен.
Жалғыз басты қарттарға күтім жасау қоғамда күрделі мәселеге айналды. Маман тапшы. Жастар қарияларға қарауға құлықсыз. Бұл ел билігін алаңдатып отыр. Елдің демографиялық саясатында түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін.
Қытайда жылдан жылға кәрі адамдар саны артып барады. Жалпы саны 1 млрд 409 млн-нан астам халық болса, соның 300 миллионға жуығының жасы 60-тан асқан. Бұл зейнетақы қорының сарқылуы, жұмыс істеуге қабілетті адам санының азаюы, бала туу көрсеткішінің төмендеуі сияқты күрделі демографиялық проблемаға алып келді. Мұның бәріне елдегі 1980 жылдары қабылданған «Бір отбасыға бір бала» саясатының тікелей кесірі тиген. Енді оған қарияларға күтім жасау мәселесі қосылды.
Янь Шуай, қарттар үйінің директоры:
- Қарттарға күтім жасайтын мамандар тапшы. Әрбір зейнеткер қызметті үйінде алғанды қалайды. Бұл дегенің қып-қызыл шығын. Оның үстіне бұл жұмыс тәжірибені талап етеді. Олармен тіл табыса білу маңызды. Жастарды мұндай жұмыс қызықтырмайды. Жұмысшыларымыздың көбі 45 жастан асқан. Кейбірінің біліктілігі жоқ. Мамандықтары сәйкес келмейді. Бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп, кешенді бағдарламалар қабылдау маңызды.
Қарт көбейсе проблемаға айналады деп кім ойлаған. Елдің жастары қарияларға қарауға құлықсыз. Басым көпшілігінде уақыт жоқ. Қарттар үйі көбейген. Күтім жасау қызметіне сұраныс жоғары. Қазір бұл іске арнайы қызмет көрсету орталықтары мен жеке компаниялар көптеп тартылып жатыр.
Ван Вэй, қарттар үйінің қызметкері:
- Егде адамдарға қызмет көрсету оңай шаруа емес. Әр адамның мінезі болады. Оның үстіне күтім жасау тәсілдерін білу керек. Бұл арнайы біліктілікті қажет етеді. Жұмысқа орналаспай тұрып тәжірибеден өттік. Келем деушілерді өзіміз оқу курстарынан өткізіп жатырмыз.
Қазір Қытай үкіметі осы бағытта түрлі бағдарламалар енгізіп жатыр. Жастарды тарту үшін жалақыны да бірнеше есе арттырған. Алайда бұдан айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Бұл жағдай биліктің бас ауруына айналды. Тіпті Ұлттық стратегиялық мәселелер қатарына жатқызылды.
Лу Чжиюань, ҚХР Азаматтық істер жөніндегі министрі:
- Үкімет үй жағдайында қызмет көрсету әдістерін дамытуды жалғастырады. Сонымен қатар қоғамдық мекемелер мен қарттар үйінің жұмысын үйлестіру мәселесіне күш саламыз. Бос уақытты тиімді өткізу орындары мен қоғамдық асханаларды көптеп ашу қажет.
Қызмет көрсету орталықтары жасанды интеллект, робот көмекшілерді пайдаланып көріп жатыр. Алайда бұл адамның жылуы мен жақындарының мейіріміне тең келмейтіні анық.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы