Гаити астанасын қарулы топтар бақылап отыр

Гаитидегі ахуал ушығып барады.

Ел астанасының басым бөлігі қылмыстық топтардың бақылауында. Түрмеден мыңдаған адам қашып кеткен. Қалада қазір тәртіп сақшыларына қарағанда қарулы топ мүшелері көп. Ал бүгін премьер-министр отставкаға кетуге дайын екенін айтты.

Гаити ең кедей елдердің бірі саналады. Ондаған жылдар бойы саяси тұрақсыздықтан көз ашпай келеді. 2010-жылы болған алапат зілзаладан кейін инфрақұрылым нысандарының көбі бүлініп, ел экономикасы құрдымға кетті. 2021-жылдың жазында бәзбіреулер президентті атып өлтіріп кеткеннен кейін қауіпсіздік мәселесі ақсап тұр. Ақпанның соңында мемлекет басшысының орнын басқан премьер-министр Кенияға кеткен. Онда қылмыстық топтарға қарсы тұру үшін  шетелдік әскерилерді елге кіргізу мәселесі талқыланды. Дәл осы кезде қарулы топтар бас көтеріп, үкімет басшысының елге оралуына жол бермейтінін жеткізді. Сөйтіп олар Гаити астанасы Порт-о-Пренс қаласында ойына келгенін істеп жатыр.  Полиция бөлімшелерін талқандаған. Екі түрмені басып алып, 4 мыңнан аса сотталушыны босатып жібереді. Қашып кеткендердің көбі осы қылмыстық топтардың қатарына қосылған. Жүздеген адам көз жұмды. 15 мыңнан аса тұрғын үй-жайын тастап, басы ауған жоққа босып кетті.

БЛИЦ:

"Менің күйеуім қайтыс болған. Қылмыстық топтар мені балаларыммен бірге үйімнен қуып шықты. Үш баламмен босып жүрмін. Кейде далада түнеуге тура келеді. Мына мектепте уақытша орталық ашылған. Бірақ мұнда тіпті су жоқ. Балаларымды қалай жуындырамын?"

"Елдегі жағдай қиын. Жұрт өз ісімен айналысудан қалды. Балаларымзды мектепке жібермейміз. Тұрғындар жұмысқа шықпайды. Өткенде қылмыстық топтар полиция қызметкеріне көз жасаурататын газ шашамын деп, одан журналист зардап шекті. Елдегі ахуал ушығып жатқанда, премьер-министрдің қайда жүргені белгісіз."

Ал премьер-министр қарулы топтардың талабын орындады. Сөйтіп, бүгін отставкаға кетуге дайын екенін жария етті. Ол өз қызметінен уақытша президент кеңесі құрылғаннан кейін ғана кететінін айтты. Қазір премьер Пуэрто-Рикода жүр. Өйткені шетелдік сапардан кейін қаскөйлер ел астанасындағы әуежайды басып алып, оның ұшағына қонуға рұқсат бермеді.

Пуэрто-Рико

Ариэль Анри, Гаитидің премьер-министрі:

"Министрлер кеңесі отырысынан кейін уақытша кеңес құру туралы шешім қабылданды. Гаитиде бейбітшілік орнау керек. Демократиялық институттар қалпына келуі тиіс. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамын. Еліміздің әр азаматына маған сенгені үшін алғыс айтамын." 

Бұған қатысты қарулы топ басшысы былай дейді.

Джимми Шеризье, қарулы топ басшысы:

"Гаитидің жаңа басшысын халық таңдау керек. Бұл бейбіт революция деп ешкімді алдамай-ақ қояйық. Бұл қанды төңкеріс болғалы тұр. Елді қазіргі жағдайдан алып шығу керек. Халықаралық қауымдастық осыны естісе екен дейміз.".

Гаитидегі ахуалға халықаралық қауымдастық алаңдаулы

Халықаралық қауымдастық жағдайға алаңдап отыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Кәріб қауымдастығы да Ямайкада саммит ұйымдастырды. Қазіргі жағдай тек Кәріб бассейні елдері ғана емес, АҚШ үшін де үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені 11 миллионнан аса тұрғыны бар елдегі тұрақсыздықтан қашқан жұрттың көбінің Америкаға пана іздеп баруы ғажап емес. Мигранттар мәселесі әсіресе биыл президент сайлауы өтетін кезде көп қиындық туғызуы мүмкін дейді сарапшылар. Сондықтан кеше АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен,,,100 миллион доллар бөлетінін жеткізді. Бұл ақша Гаитидегі халықаралық бітімгерлік миссияны қаржыландыруға жұмсалады. Бұдан бөлек америкалықтар гуманитарлық көмекке қосымша 33 миллион доллар бөлетіндерін айтып отыр. Ал әзірге АҚШ билігі Порт-о-Пренстегі өз азаматтарының бір бөлігін эвакуациялап, елшіліктегі қауіпсіздік шараларын күшейтті.