Президенттік таққа қайтадан Байден мен Трамп таласатын болды
Жуырда екі саясаткер партияішілік сайлауда жеңіске жетіп, негізгі кандидат атанды.
Өз кезегінде конгрессмендер TikTok-тың тағдырын талқыға салып, қытайлық платформадан құтылудың жолын қарастырып жатыр.
АҚШ президенттігіне Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байден мен бұрынғы президент Дональд Трамп таласатын болды. Себебі, екі үміткер де партияішілік сайлауда жеңіске жетті. Енді шілде және тамыз айларында республикашылар мен демократтар президент додасына қатысатын үміткерлердің съезін өткізеді. AP-NORC қоғаммен байланыс орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың 38 пайызы Дональд Трампты қолдайды. Ал тұрғындардың 41 проценті Джо Байденді жақтайтынын жеткізген.
TikTok-қа тыйым
АҚШ билігі Tik-Tok әлеуметтік желісіне тыйым салуы мүмкін. Тиісті заң жобасы өкілдер палатасында қарастырылып жатыр. Егер Конгресс оны қабылдаса, платформа иесі 165 күн ішінде TikTok-ты сатуы тиіс. АҚШ билігінің пайымынша, Қытай әлеуметтік желі арқылы америкалықтардың жеке мәліметін ұрлап, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп отыр. Бұған дейін Ақ үй басшысы Джо Байден Тиктокты бұғаттау туралы заң жобасы Конгрессте мақұлданса, оған қол қоюға дайын екенін мәлімдеген болатын. Айта өтейін, бүгінде 170 миллион америкалық TikTok-тың тұрақты қолданушысы саналады. Олардың бірсыпырасы әлеуметтік желінің жабылуына қарсы.
Бірлескен әскери жаттығу
Қытай, Ресей және Иран елдері Оман бұғазында бірлескен әскери оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ол жұмаға дейін жалғасады. Үш елдің ресми өкілдері таратқан ақпар бойынша әскери іс-қимылдың мақсаты – теңіз саудасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қолда бар мәлімет бойынша оқу-жаттығу шараларына 20-дан астам кеме, жүздеген сарбаз қатысып жатыр. Айта кетейін, 2019 жылдан бері Оман бұғазында мұнай тасымалдайтын танкерлерге қарсы бірнеше шабуыл жасалған.
ЮНИСЕФ: Балалар өлімі азайды
Әлемде 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім азайды. 2022 жылы көрсеткіш 5 миллионға дейін төмендеген. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. ЮНИСЕФ ұйымының өкілдері осылай дейді. Олардың айтуынша, 2000-шы жылдан бері Камбоджа, Малави, Моңғолия мен Руанда секілді елдерде өлім-жітім деңгейі 75 пайызға азайған. Бірақ Сахараның оңтүстігінде орналасқан мемлекеттерде жағдай әлі де нашар. Статистика бойынша әрбір 13-ші бала 5-жасқа толмай көз жұмады. Басты себеп – жұқпалы аурулар мен туа біткен кемістік дейді мамандар.