Өзбекстан газ тарату жүйесін жаңартып жатыр
Өзбекстан келешекке арналған инновациялық технология өндірісін дамытып келеді.
Соның бірі – «ақылды» газ есептегіштер. Құрылғы көгілдір отынды тұтыну көлемін дәлме-дәл анықтап, мәліметті әп-сәтте деректер орталығына жібереді. Ташкент технопаркінде оның өндірісі 2020 жылы басталған. Италияның «Pietro Fiorentini» компаниясы технологиялық серіктес атанып отыр. Соңғысы әлемдік газ құрылғыларын өндіру ісінде көшбасшы саналады.
Өзбекстанда «ақылды» газ есептегішті қолданушылар саны 4 миллионға жуықтады. «Osten» құрылғысы тұтынушының мемлекеттік мекеме алдындағы берешегін азайтып, жеткізу ісіндегі шығынды төмендетуға мүмкіндік берген.
Наргиз Шоисламова, «TEXNOPARK» ЖШҚ директорының бақ және қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары:
- Бұрын газ тұтыну көлемін кемітіп көрсететін жағымсыз әдет бар болатын. Сол арқылы кей тұтынушылар түпкілікті төлемді азайтып көрсеткен. Біздің ұсынып отырған есептегіш құрылғыларда мұндайға жол берілмейді. Көгілдір отынды өзінен өткізген соң ол кері айналмайды. Өнімнің шағын және өндірістік бағыттағы 6 түрі бар.
Ташкент технопаркі энергия үнемдеу құрылғысын 2020 жылы жасай бастады. Содан бері Италияның «Pietro Fiorentini» технологиясы қолданылып келеді. Зауытта тағы бірқатар еуропалық қондырғы орнатылған. Мәселен, «Euroimpianti» желісі өндірістің сапасын арттырып, кем-кетікке жол бермейді.
Хикмат Давлетов, «TEXNOPARK» ЖШҚ техникалық қолдау бөлімінің басшысы:
- Әр газ есептегіш GSM байланысымен қамтамасыз етілген. Италиялық «Terranova» бағдарламалық жүйесі тұтыну көлемін бақылауға көмектеседі. Газға төлем азайса, әрбір абонентке СМС хабарлама жіберіліп тұрады.
Наргиз Шоисламова, «TEXNOPARK» ЖШҚ директорының қоғам және бақ-пен байланыс жөніндегі орынбасары:
- Өзбекстанда жасалған смарт есептегіштер «Pietro Fiorentini» технологиясына толық сай келеді. Бұл - әлемде газ саласына құрылғы және технология әзірлейтін жетекші компания. Демек біз ұсынатын есептегіштер Италияда жасап шығарылғанмен бірдей.
Технопарк Орталық Азияда бірінші дәлдік санатындағы «смарт» газ есептегіш шығаратын жалғыз кәсіпорын. Өнімге жергілікті ғана емес, көрші елдердің нарығында сұраныс байқалады. Мұндай құрылғыны Өзбекстаннан сатып алу қазақстандықтар үшін логистика және газды үнемдеу тұрғысынан тиімді болып отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев