Қазақ-қытай шекарасында жаңа сауда аймағы ашылды
Ал Қазақ-қытай шегаралас аумағында жаңа пилоттық жоба - «Сауда аймағы» іске қосылды.
Қытай нарығында қазақстандық шаруалардың экологиялық таза өнімдеріне сұраныс жоғары. Енді отандық фермерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық алаңда саудалауға мүмкіндік бар. Қанатқақты жобаға тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері де қатыса алады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жаңа жоба Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданындағы Жеменей уезінде ашылды. Бұл Қазақстанға тиіп тұрған өлке. Пилоттық аймақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Сонымен қатар халықаралық сауда мен технология алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Дәл мұндай жоба қазақстанмен шегаралас аумақта алғаш рет іске қосылып отыр. Бұл аймақ тек қана сауда ғана емес, ғылым мен технология алмасатын орын болады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастық пен келісім жасалады.
Сауда аймағының аумағы 14 шаршы шақырымнан асады. Осы арқылы Қытай көрші елдермен сауда-саттықты дамытуды көздейді. Негізінен шегаралас сауда-саттықты дамытуға күш салынады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу оның логистикасы және қойма кіреді. Импорт пен экспорт шикізат тауарларын қайта өңдеуге де басымдық берілмек. Бұл жоба Қазақстан үшін де ерекше тиімді болып отыр. Бірнеше мемлекетаралық байланыс, транзит, логистиканың басым бөлігі Қазақстан арқылы жүргізіледі. Былайша айтқанда Қазақстан бұл жүйеде алтын көпір рөлін атқарады. Қазірдің өзінде 11 компания 5 бағыт бойынша келісім-шарт жасады. Оның ішінде қазақстандық компания өкілдері де бар.
Ду Хунтао, пилоттық аймақ басқармасының директоры:
- Жеменей барлық жағынан өте ыңғайлы шегаралық округ. Қазақстан арқылы Орталық Азияға импорт пен экспорт көлемін ұлғайту жоспарда. Мұндай жоба Шыңжаңда алғаш рет қолға алынып отыр. Оған ішкі және сыртқы ресурстардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз. 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты пен экспортын 139 млрд АҚШ долларына жеткіземіз. Дәл мынадай потенциалмен сауда-саттық сомасы бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Қытай Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін неғұрлым көп сатып алуға мүдделі. Салалық ведомство мәліметіне сай, былтыр Қазақстан Аспан Асты еліне экспорттаған ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 1 млрд долларға бағаланады. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Сарапшылардың пікірінше, қытайлықтар арасында отандық экологиялық таза әрі табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері танымал болғандықтан, сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бұл шаруалар үшін шексіз нарық.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жаңа шегаралық пилоттық жобаға Қазақстанмен қатар Ресей, Моңғолия сияқты тағы бірнеше мемлекет қызығушылық білдіріп отыр. Бұның Қазақстан үшін тағы бір тиімді тұсы дәл осы алаңда халықаралық ғылыми-техникалық алмасуға мүмкіндік туындайды. Мал шаруашылығы мен агро салаға қатысты құнды ғылыми тәжірибелермен алмасып, үйренуге болады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы