АҚШ-та TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін
Конгрестің Өкілдер палатасы танымал әлеуметтік желіге қатысты жаңа заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды 24KZ.
Құжатқа сай желі иесі ByteDance компаниясы 6 ай ішінде қосымшаның АҚШ нарығында қолданылуын тоқтатуы тиіс немесе оның америкалық үлесінен бас тартуы қажет.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Өкілдер палатасындағы демократтар да, республикашылар да заң жобасын қолдады. Бұл – екіге айырылған және көп жағдайда бір-бірімен келіспейтін саяси екіжақты бірліктің сирек көрінісі.
Бұл – бірінші қадам. Келесі кезекте заң жобасын Сенат қабылдауы керек. Ал Джо Байден Конгресс заңды құптайтын болса, қол қоюға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Раджа Кришнамурти, конгрессмен:
- Өкінішке қарай, TikTok басшысының Конгрестің алдындағы сөзі шындыққа жанаспады. Біріншіден, ол деректер ByteDance қызметкерлеріне қолжетімсіз деген. Бұл – өтірік. Қытайдағы қызметкерлер ешқандай ескертусіз тұрақты түрде бұл мәліметтерді ала алады.
Қытайлық әлеуметтік желінің жабылуына көптеген пайдаланышулар қарсы. Бір топ бизнесмендер, конгрессмендер және жалпы желіде көп оқырмандары бар адамдар Капитолийдің жанында наразылықтарын білдірді.
Роберт Гарсия, конгрессмен:
- TikTok-қа кез келген тыйым салу бұл ойыңды еркін жеткізуді жай шектеу емес. Бұл тіпті біздің ұлттық экономикамызға үлкен зиянын келтіреді. Мында бізде экономикамызды алға жетелейтін шағын бизнес өкілдері жиналған және жалпы елімізде бизнестерінде TikTok-ты пайдаланушылар көп.
Жиналушылар TikTok-ты сақтайық, ол менің бизнесімді дамытуға көмектесті, мен желіні пайдаланушы 170 млн америкалықтың бірімін деген плакаттарын алып шыққан.
Калли Гудвин, кәсіпкер:
- Мен – арнайы ашықхаттар жасап, сататын компанияның негізін қалаушымын. Мендегі 98% сатылым TikTok арқылы жасалады. Өйткені адамдар мені TikTok арқылы табады. Мен бизнесімді 2020 жылдың жазында ашқанмын. Бұл пандемиядағы оқшауланған кезең болған. Мен адамдармен TikTok арқылы таныса бастадым. Сол желі арқылы мен бизнесімді дамыта алдым, оқырмандарымды таптым.
TikTok Вашингтонда үлкен мәселе туғызды. Демократтар да, республикашылар да әлеуметтік желіге тыйым салуына байланысты көптеген жасөспірімдер заңға қарсылықтарын білдіріп, қоңырау шалғанын айтып отыр.
Авторы: Айжан Сыдықова.