Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталды
Билеуші партия халықтың көңілінен шығу үшін салықты төмендетуге ниетті.
Бірақ бұл елді 14 жыл басқарған консерваторларға додада жеңіп шығуға мүмкіндік бере ме? Себебі, елде инфляция шарықтап, экономика құлдырай бастаған.
Көктемгі бюджетті жария етпес бұрын Қаржы министрі әріптестерімен бірге Даунинг стриттегі кеңсесінің алдына шықты. Дәстүрден жаңылмай қолына қызыл дипломат ұстап, фотоға түсті. Джереми Хант консервативтік партияны алдағы сайлауда жеңілістен құтқару үшін салықты төмендетіндігі туралы уәде етті.
Джереми Хант, Ұлыбритания Қаржы министрі:
- 6 сәуірден бастап, еңбек адамдары мен жеке кәсібі барлардың ұлттық сақтандыруға төлейтін салығы тағы екі пайыздық тармаққа азаяды. Яғни, жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер жылына 450, ал жеке кәсіпкер 350 стерлинг фунт үнемдей алады.
«Ұлыбританияда салықтың екі түрі бар. Біріншісі – табыс, екіншісі – ұлттық сақтандыру салығы. Жиналған ақша мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады. Салық мөлшері кемігенімен, ол бәрібір рекордтық жоғары деңгейде тұр», - дейді оппозициядағылар.
Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:
- Ұлыбритания экономикасы рецессияға ұшыраай бастады. Халықтың төзімі таусылды. Билік қанша тырысса да, салық жүктемесі соңғы 70 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жеткен. Ал консерваторлар сайлауда жеңіске жету үшін тағы айла шарғыға барып жатыр.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес Консерваторлар Лейбористер партиясынан анағұрлым артта келеді. Рейтингілері соңғы 50 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен.
Блиц:
- Салық Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары деңгейде. Инфляция шарықтап тұрған уақытта салықты шамалы ғана төмендету шын мәнінде ештеңені өзгертпейді.
- Барлығы қымбаттап жатыр. Күнкөріс қиындап кетті. Меніңше, қайта сайлану үшін бір-екі нәрсені ғана өзгерту дұрыс емес.
Хант сонымен қатар, вейптерге және Ұлыбританиядан басқа мемлекетте табыс табатын резидент емес жеке тұлғаларға жаңа салық түрін салмақшы. Лейбористер Жалпы сайлауды өткізу күнін 2 мамыр деп бекітіп, билікпен қош айтысуларын талап етіп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы