Жаһандық жылынудың салдары
Еуропа басқа аймақтарға қарағанда 2 есе жылдам жылынып жатыр.
Бұл аптап ыстыққа, ормандағы өрт пен су тасқынына әкелуі мүмкін. Ғалымдар климаттың өзгеруі кейінгі 1 ғасырда үлкен қауіп-қатер туындатады деп ескертіп жатыр.
«Кәрі құрлықтың» жылынуы 1980 жылдан басталған. Бұл мәліметті Еуропаның қоршаған орта жөніндегі агенттігі келтірді. Қазірдің өзінде бұл аймақты құрғақшылық, өрт жайлап, мұздықтар еріп жатыр. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншісі, Еуропада теңізден гөрі құрлық көп. Екінші себеп - өнеркәсіп.
Карло Буонтемпо, ЕуроОдақтың климат өзгерісі жөніндегі қызмет директоры:
- Өткен ай адамзат тарихында ең жылы ақпан болып қалды. Оған дейінгі 9 ай да жылы болды. Ғаламдық жылыну теңіздің экожүйесіне тікелей әсер етіп отыр. Ауаға зиянды қалдық заттар климаттың өзгеруін жеделдетуде.
Климаттың өзгеруі азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп төндіріп тұр. Мысалы, былтыр Нидерланд, Франция, Германия, Дания мен Бельгияда картоп алқабы 7 процентке қысқарды. Зәйтүн егістігі де қурап жатыр. Кейінгі 1 жылда Еуропаның барлық елдерінде зәйтүн майы орташа алғанда 50 процентке қымбаттады.
Сара Мериго, зерттеуші:
- Зәйтүн майы бұл аймақта жиі қолданылатын негізгі тағамға жатады ғой. Бірақ дағдарысқа байланысты әрбір үшінші тұрғын оны аз тұтына бастады. Біз сауалнама нәтижесінде италиялықтардың жартысы сұйық майға ауысқанын анықтадық.
Климатологтар шұғыл шара қолдануға шақырып отыр. Әйтпесе осы ғасырдың аяғына қарай су тасқынынан келетін шығын жылына 1 триллион еуроға жетуі мүмкін. Ғалымдар «кәрі құрлықта» 2022 жылы аптап ыстықтан 70 мыңға жуық адамның қайтыс болғанын естен шығармау керек дейді.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Тамерлан Ким