БҰҰ сессиясында Қазақстан есірткіге қарсы күрес жоспарын ұсынды
Қазақстандағы есірткі қылмысына қарсы күрес шаралары, бүкіл Орталық Азия өңіріндегі жағдайды жақсартуға қабілетті.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ-ның Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының жоғары деңгейдегі 67-ші сессиясы кезінде айтты. БҰҰ дерегіне сүйенсек, қазір әлемде 300 миллион адам есірткі тұтынады. Әлемдік қоғамдастық осы мәселеге алаңдаулы. Ұйым мұны Ауғанстандағы жағдаймен байланыстырады. Осыған байланысты, Мұрат Нұртілеу Ауғанстандағы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа жеке тоқталып, қатысушыларды Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі Қазақстанның ұсынысын қолдауға шақырды. Қазақстандық делегация басшысы отырыс қорытындысы бойынша нақты міндеттемелер қабылдауды көздейтін «Pledge4Action» бастамасын қолдап, еліміздің бір жыл ішінде Қазақстанда нашақорлықты емдеу үшін медициналық және әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу міндеттемесін жариялады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:
- Кейінгі бірнеше жылда Орталық Азияда синтетикалық есірткіні тәркілеу 10 есе өсті. Бұл алаңдатарлық жайт. Бұл біздің ұжымдық қауіпсіздігімізге және тұрақты дамуымызға қауіп төндіреді. Сондай-ақ трансұлттық қылмыстық әрекетті қаржыландырудың негізгі көзіне айналады. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ-ның синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі стратегиясын белсенді іске асыру мақсатымен келер жылы министрлердің өңірлік конференциясын қабылдайды.