Ұлттық киім ұлықталған күн
Наурызнаманың онкүндігі елімізде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың салт-дәстүрін айрықша қастерлеп, ұлықталатын кез.
Жыл басын қарсы алуға қатысты жөн-жоралғылар мен ұлттық мәдениетімізді насихаттауға шетелдегі қандастарымыз да ерекше мән береді. Олардың қатарында АҚШ-тағы жерлестеріміз де бар.
Мәдина Шымкент шаһарында дүниеге келіп, бала күнінен әже тәрбиесіне қанығып өскен. Жиырма жылға жуық АҚШ-та тұрып келе жатса да, ұлттық құндылықты ұмыт қалдырмаған. Қайта қазақы әшекейлерін тағып, дәстүрлі киімді дәріптеп келеді. Наурыз мерекесі қарсаңында, ұлттық киім күніне орай Мәдина Вашингтонның төріндегі Капитолий алдында қазақ көйлегімен би билеп, тұрғындарға Қазақстан шоколадын таратты. Кей адамдар нәзік арудың сәнді киімі мен тәттілерде бейнеленген көгілдір тудан оның қазақ екенін танып жатса, енді біреулері Наурыз мерекесінің жақындағанын біліп құттықтап жатты.
Мәдина Көшербаева, Вашингтон қаласының тұрғыны, кәсіпкер:
- Біздің қазақтың ұлттық киімі біздің бай дәстүріміздің белгісі, сол киімді кию маған өте үлкен мақтаныш. Өйткені ол қатты жарасады бізге қазақтың қыздарына, әдемі, әшекейлі, сол киімдерді мен әсіресе Наурыз тойлағанда, сонымен қарай біздің Қазақстанның диаспораның жиналыстарында киюге тырысамын.
Мәдина жоғарғы оқу орнын Нью-Йоркте тәмамдаған соң отбасымен Вашингтонға көшкен. Студенттік жылдарда да замандастарына қазақы дәстүрдің қыр-сырын айтудан жалықпаған ол бір жылдан бері отандық дизайнерлермен бірігіп, АҚШ тұрғындарының сұранысымен жергілікті халыққа ұлттық киімдерді жеткізумен айналысады. .
Мәдина Көшербаева, Вашингтон қаласының тұрғыны, кәсіпкер:
- Төрт жылдай қазақтың биін билегенмін, сол сәтте мен әсіресе көп кигенмін қазақтың көйлектерін. Тағы сонымен орай мен мына жерде университетте оқығанмын, оқығанда төрт жыл бойы презентация жасағанмын, көп айтқанмын Қазақстан туралы, сонымен орай мен тағы билегенмін, ән айтқанмын қазақша, студенттерге, американдықтарға қатты ұнайды, ұнаған біздің киімдеріміз.
АҚШ жұртын қазақша киіндірген Мәдина логистика саласындағы кәсібімен қатар, әлеуметтік желіде АҚШ жайында танымды ақпараттармен бөлісіп, қазақы құндылықтар туралы да тұрақты түрде мәлімет таратып отырады. Кәсіпкер жолдасы Ұлан екеуі үш бала тәрбиелеуде. Үйінің бір бөлмесін тек қазақы бұйымдарға арнаған. Халқымыздың ұлттық салты қонақжайлылыққа да ерекше мән беретін Мәдина жыл сайын Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдар әзірлеп, мол дастархан жаяды.
Авторы: Айжан Сыдыкова