Ресейде президенттік сайлау аяқталды

Ресейде үш күндік президенттік сайлау аяқталды.

Орталық сайлау комиссиясы учаскелер жабылғаннан кейін сайлаушылардың 74,22 проценті дауыс берді деп хабарлады. Өңірлердің ішінде Шешенстан тұрғындары ең жоғары белсенділік танытып, тұрғындардың 96,5%-ы дауыс берді. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы мен «Қоғамдық пікір» қорының экзит-поллына сәйкес, бұл сайлауда елдің қазіргі президенті Владимир Путин 87 проценттен астам рекордтық нәтижемен көш бастап тұр.  Екінші орында 4,6% дауыс жинаған Ресей Федерациясы Коммунистік партиясының кандидаты Николай Харитонов. Сайлау барысын 1115 халықаралық байқаушы бақылаған. Олардың ішінде Қазақстанның 58 өкілі бар. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мониторинг тобы сайлаудың заңға сәйкес өткенін айтып, оған азаматтардың жоғары қызығушылық танытқанын атап өтті.

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:

- РФ ТМД елдерінің арасында бірінші рет осындай жоғары президенттік деңгейде үш күндік сайлауды өткізіп отыр. Сонымен қатар электрондық сайлауды жаңадан пилоттық түрде енгізді. Бұл да жаңа тәжірибелердің бірі. Біз өзіміздің тарапымыздан заң бұзушылықтарды байқаған жоқпыз. Дегенмен сайлау учаскелерінің көпшілігінде өзге саяси партиялардан байқаушылар болған жоқ. Менің таңғалғаным, бұлардың жүйесінде саяси партияларға қарағанда көбінде Қоғамдық палатының байқаушылары қызмет жасап отырды.