Гонконгта қара домбыра күмбірледі
Қазақтың қара домбырасы әлемдегі ең ірі шаһардың бірі Гонконгта күмбірледі.
Қазақстандық өнерпаздар Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық киім киіп туристер көп жиналатын жағалаумен жүріп өтті. Ашық аспан астында өнерлерін паш етті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бүгін Наурызнама бойынша Ұлттық киім күні. Осыған байланысты Гонконгта ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Бас Консулдық қызметкерлері мен гострольдық сапарда жүрген өнерпаздар ою-өрнекпен әрленіп, арнайы ұлттық нақышта тігілген киімдерді киіп шаһардың орталығына шықты.
Тсим Ша Цуй жұлдыздар аллеясы бұл қаладағы тұрғындар мен туристер ең көп жиналатын жағалау. Алдымен Алатау дәстүрлі өнер театрының ұжымы халық әндерін үздіксіз орындап жағалаудың бойымен жүріп өтті. Құндыз бөрік, оюлы тақия, ұлттық көйлек пен шапан киіп, қолдарына қос ішекті домбыра ұстаған қазақтар туристер мен жергілікті тұрғындарды таң қалдырғаны анық. Олардың қызығушылығы өнерпаздарды шабыттандыра түсті.
Ән мен күй бимен жалғасып Гонконг жұрты Қара жорғаны биледі. Тіпті тәнті болғандары соншалық өнерпаздармен суретке түсуге кезекке тұрды. Қолтаңба алып жатқандар да болды.
Іс-шара ұлттық мерекемізді ұлықтап қазақ халқының мәдениетін шетелдіктерге таныстыруға бағыттылған. Жыл басы Наурыз мерекесіне дейін концерт, салт-дәстүр, театр қойылымдары, ұлттық ойындар көрсету жоспарда.
Алмас Сейтақынов, ҚР ҚХР Гонконг және Макао АӘА бас консулы:
- 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жариялануына орай Бас Консулдықпен осы жылы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар Қазақстан мен Гонконгтың қарым-қатынасын нығайтуға және еліміздің имиджін көтеруге өз үлесін қосатынын сөзсіз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Міне осылайша Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы көңіл-күйді Гонконг жұрты да сезінді. Ерекше әсер алған кейбір тұрғындар Қазақстанды көргісі келетіндерін жасырмады. Теңіз тамшыдан құралады. Осындай іс-шаралар елімізге ондаған туристтің келуіне ықпал етсе, біз үшін ол да олжа.
Руслан Бақытбекұлы