Әлемде 3 трлн-ға жуық ағаш өсіп тұр
«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көгереді». АҚШ-тағы Йель университетінің зерттеуі бойынша, әлемде 3 триллионға жуық ағаш өсіп тұр.
Ғалымдар мұны Жер серіктері мен орман шаруашылықтары берген мәліметтер негізінде анықтаған.
Жер бетіндегі жасыл желек көлемі алдыңғы есеп жүргізілген кезеңмен салыстырғанда 8 есе көбейген. Бірақ жыл сайын шамамен 15 миллиард тал кесіледі.
Жасыл желек ұлғайды
Тал егу қарқыны Қытайда жоғары. Былтыр бұл ел 3 миллион 998 мың гектар аумаққа ағаш отырғызған. Көгалдандыру жөніндегі жергілікті комиссиясының мәліметі осындай. Мамандар: «Жасыл желекті көбейту арқылы орманның ғана емес, тау, өзен-көл, ауылшаруашылығы алқаптарының жағдайын жақсартуға болады», – дейді. Сондай-ақ Қытай өткен жылы 4,5 миллиондай гектар тозған аумақты қалпына келтіріп, 2 миллионға жуық гектар құмды және тастақ жерді талапқа сай өңдеген.
Жаң Уей, Орман және жасыл желек жөніндегі әкімшілік өкілі:
- Қытайдағы орман алқабы 88 миллион гектарға жуықтайды. Біз ағаш отырғызудан әлемде бірінші орын аламыз. Биыл «Ерікті түрде тал егу науқанын интернет арқылы үйлестіру жүйесін» іске қостық. Қазір 8 мыңнан астам онлайн ағаш отырғызу тетігі жұмыс істеп тұр.
Амазон орманына қауіп азайды
Әлемдегі ең ірі тропикалық орман – Амазония ағаштарын кесуге қарсы күрес жемісін бере бастады. Бразилияның Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі министрлігі былтыр орманды қырқу деңгейі 50%-ке азайғанын сүйіншіледі. Бұл, шынында, қуанышты жаңалық. Өйткені Амазония ағаштары Жер шарындағы оттегінің жартысын бөліп шығарады. Бұл орман алқабы 6,5 миллион шаршы шақырым жерді алып жатыр. Аталған аумақта 8 мемлекет орналасқан. Десе де ғаламдық жылыну, құрғақшылық, өрт сияқты табиғи қиындықтар Амазон орманының 47%-іне қауіп төндіріп тұр.
Туксауа Лорета, белсенді:
- Орман ағаштарын кесу азайды деп босаңсуға болмайды. Қауіп әлі де жоғары. Әсіресе өрт үлкен қатер төндіріп тұр. Орманда тұратын адамдарға өмір сүру оңай емес. Біз Амазонияны толығымен қорғап қалуымыз керек. Бұл – әлемдік деңгейдегі мәселе.
Секвойя жайқалып келеді
Әлемдегі ең биік ағаштар Ұлыбритания орманында да өсе бастады. Бұған дейін бұл өсімдік тек АҚШ-тың Калифорния штатында кездесетін. Құрама Штаттарда 80 мың секвойя бар болса, Британияда олардың саны қазір жарты миллионға жуықтап қалған. Ғалымдар «Калифорниядағы алып қызыл ағаштарға құрғақшылық қауіп төндіріп тұрғанда бұл – қуанышты жаңалық», – дейді. Алып секвойялар 3 мың жылдан астам уақыт өмір сүре алады. Олар Британияға алғаш 1800 жылдары әкелінген.
Қазір ормандар Жер шарының 30%-ін алып жатыр. Бұдан да көп еді. Бірақ, өкінішке қарай, адамзат ХХІ ғасырдың басына дейін ормандардың жартысын жойып жіберген. Ал содан бері қолдан егілген ағаштар әлемдегі орман алқабының 8%-іне да жетпейді. Осындайда «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген қазақ даналығы еске түседі.