Шетелдіктер наурыз көже пісіріп үйренді

Шетелдіктер Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының шеберлік сабағына қатысып, наурыз көже пісіріп үйренді.

Бай мәдениетімізбен танысып, еліміздің туристік әлеуеті туралы ақпарат алды.

Даяна Сербияның, Cтефани Австрияның ал Нихал Ливанның азаматы. Бірі аудармашы, екіншісі кітапханашы, үшіншісі Араб тілінің мұғалімі. Олардың жанында Лондонда жұмыс бабымен уақытша тұрып жатқан қазақстандық қыз-келіншектер. Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының белсенді өкілі Шолпан ханым оларға ұлттық тағамның құрамына кіретін жеті дәнді тәптіштеп түсіндіріп берді.

Даяна Миланович, Сербия азаматы:

- Бүгін өзім үшін жаңа тағам түрін ашып, ерекше әсер алдым. Наурыз көженің ішіне не қосылатынын үйрендім. Егер жеті дәнді бөлек-бөлек жесе, мұндай дәмді болмас еді. Тіл үйірер өте сіңімді көже болды.

Стефани Барбиер, Австрия азаматы:

- Ішіне молшылықтың жоралғысы саналатын дәндер қосылады екен. Бізде де осыған ұқсас көже бар. Үйлену тойын жасап жатқан отбасы өздерінің ауқатты екенін көрсету үшін көженің ішіне бәрін қосады.

Наурыз көжеден бөлек сыйлы қонақтардың құрметіне үлкен ас тартылды. Бұған дейін жылқы етін жеп көрмеген шетелдіктер ауылдан алдырылған қазы-қартаның дәмін татып, таңданыстарын жасырмады.

Нихал Нихаили, Ливан азаматы:

- Жылқының еті мен күткендей емес, керісінше өте дәмді болды. Әлбетте, бұдан кейін де жеп көргім бар. Рақмет! Алдағы уақытта Қазақстанға барып, саяхаттағым келеді. Өйткені елдеріңіз туралы көп естідім. Енді бәрін өз көзіммен көру арманым.

Шолпан Кесижи, қазақ орталығының өкілі:

- Біз шетелде тұрсақ та жүрегіміз Қазақстан деп соғады. Содан осындай елімізді сағынып, достарымыз, балаларымызбен бірге жиналып, өзіміздің тағамдарымызды пісіреміз. Ал бүгін сол шетелдіктерге бай дәстүрімізді көрсетіп, үлкен дастархан жайдық.

Тұманды Альбиондағы Қазақ орталығының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ол бай мәдениетімізді, көркем тілімізді және ұлттық дәстүрлерімізді жергілікті халық арасында кеңінен насихаттап, Ұлыбританиядағы қандастарымыздың басын біріктіріп жүр. Алдағы уақытта қазақ тілін үйрететін курс ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілерді Лондонға шақырып, жәрмеңке өткізбекші. Авторы: Ғалымжан Қараманұлы