Әйтеке би кесенесі жөнделіп жатыр
Биыл Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтіледі.
Оның аясында баба рухына тағзым етіліп, ас беріледі. Есімін ел жадында қайта жаңғырту мақсатында рухани-мәдени іса-шаралар ұйымдастыру да көзделген. Бұған қазақстандық өнерпаздар да атсалысады. Баба ұрпақтары халықаралық ақындар айтысын өткізуге ниетті.
Тауелібай халқы бабаның зират басын күтіп-баптап отыр. Көктем шыға кесене маңында абаттандыру жұмыстары басталған. Ал музейде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жалпы Әйтеке би кешені 2009 жылы бой көтерді. Оған дейін бабаның мәңгілік мекен тапқан жері көпке беймәлім болып келді. Бұл істің басы-қасында белгілі саяси қайраткерлер мен кәсіпкерлер жүрді. Көне заман үлгісіндегі зиярат орнында жыл сайын мамыр айында ас беріледі. Кіші жүз биінің Қазақстандағы ұрпақтары игі үрдісті үзген емес.
Төрехан Нарынбетов Науаи облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы:
- Нәсіп қылса, 380 жылдықты халықаралық дәрежеде өткізбекшіміз. Өткен жылы біз Қызылордаға барып, Әйтекенің үлкен баласы Өтебастың да асын бергенбіз. Сол кезде Түрксой ұйымы өкілдерімен кездестік. Халықаралық айтыс өткіземіз. 16-шы мамырда баба басында ас беріледі. Бұл шаралардың бәрі жергілікті әкімдікпен келісіп өткізіледі. Облыс әкімі хабар алып, бізден не жәрдем деп жатыр. Көгалдандыру істеріне жәрдем беріп жатыр.
Кесенедегі имам-молдалар «Сейтқұл әулие Әйтеке би» қоры тарапынан қаржылай көмек алып тұрады. Зиярат етушілер арасында өзбек, қарақалпақ ұлтының өкілдері де бар. Ол түсінікті де. Себебі Әйтеке бірнеше ұлт пен ұлысқа қорған болған. 21 жасында-ақ елдік істерге араласып, Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі халықтың бас биі болып сайланған.
Ділшод Ходжаев, Науаи облысы туризм басқармасының басшысы:
- Әйтеке би зиярат кешеніне жыл сайын 7-8 мың шетелдік келеді. Соның арқасында Нұрата ауданы танымал бағытқа айналды. Мұнда саяхаттаушыларға қызмет көрсету ісі жақсы дамыған. Әйтеке би кесенесі мәдени мира нысаны саналады. Оған қоса, «Шошма» кешені де бар. Биыл біз осы жерлерде саяхатшылардың үлкен бөлігін қабылдауды көздеп отырмыз. Бір ғана Әйтеке бидің 380 жылдығында Қазақстаннан 2 мың мейман келеді деген болжам бар. Одан бөлек ел ішіндегі саяхатшылар келеді.
Ұйымдастырушылар іс-шараға түркі мемлекеттері және халықаралық ұйымдардан мәртебелі меймандар шақырмақ. Әйтеке бидің өмір жолын келешек ұрпаққа насихаттайтын ғылыми кеңес өткізу жоспарланыпты. Қызылорда мен Науаи облыстары мәдени ынтымақтастығын жалғастырады. Соның аясында сырбойылық өнерпаздар Нұрата жеріндегі баба есімін ұлықтау ісіне атсалысады. Келушілер зияраттан соң кілең қазақ қоныстанған Кенимех ауданына барып, өңірлер арасындағы рухани һәм мәдени байланысты нығайтуға күш салмақ.
Авторы: Рауан Мыңбаев