Париж Олимпиадасының басталуына 4 ай қалды

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуына 4 ай қалды.

Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Кейінгі уақытта ең көп талқыланып жатқан мәселе ойындардың қауіпсіздігіне қатысты. Былтыр желтоқсан айында Эйфель мұнарасының маңында ер адам туристерге шабуыл жасағаннан кейін «дүбірлі додаға миллиондаған адам жиылғанда не болады?», – деген сұрақ жиі айтыла бастады. Бірақ ұйымдастырушылар:  «алаңдауға еш негіз жоқ», – дейді. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең жаңа технологиялар қолданылатынын айтады.  

Жасанды интеллект қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Жасанды интеллектіні қолдану – заман талабы. Ұйымдастырушылар оның биыл жазда Парижде өтетін Олимпиада ойындарында да көп көмегі тиеді деп үміттеніп отыр. Технология қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылады. Шаһарда 4,5 мың камера орнатылады. Олар көшелерде, Олимпиада нысандарының кіреберісінде, сонымен қоса жанкүйерлерге арналған алаңдарда қойылады. Нейрожелілер қауіпті жағдайларды тіркеп отырады. Сөйтіп, бірден тиісті ақпаратты полицейлерге жібереді. Бұл технология Қатарда өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде қолданылған. Бірақ адамдардың жеке тұлғасын анықтауға тыйым салынады. Десе де соның өзінде оған қатысты сын көп. Өйткені құқыққоғаушылар мұны адамның жеке өміріне қол сұғу деп санайды.

 

Дрондарды бақылау жүйесі

Олимпиада ойындары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дрондарды анықтау технологиясы да қолданылады. Елде осындай 2,5 миллион ұшу аппараты бар. Қаскөйлер оларды кісі көп жиылатын жерлерде арам ойларын іске асыру үшін қолдануы мүмкін, – дейді тәртіп сақшылары. Сондықтан да жаңа жүйені пайдалану туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, Париж маңындағы әскери базада үйлестіру орталығы орналасады. Ол жерде отырған күштік құрылым өкілдері бірнеше шақырым қашықтықтан қауіп төндірген дрондарды лазермен атып түсіріп, ұшуына жол бермейді.

  

Бюджет көлемі ұлғаюы мүмкін

Дүбірлі додаға орай Парижге жазда 15 мың спортшы, 20 мың тілші және 10 миллион көрермен келеді деп күтіліп отыр. Ашылу салтанатының өзінде олардың қауіпсіздігін күштік құрылым өкілдерінің 35 мың қызметкері мен жеке фирмалардың 3 мыңдай агенті қамтамасыз етеді. Алғашында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 300 миллион еуро бөлінген. Бірақ кейінгі уақытта сыни пікірлер көбейіп, ұйымдастыру комитетінің басшысы бюджет көлемі ұлғаюы мүмкін екенін айтты. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – дейді.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.