Қытайда құм көшіп жатыр
Елдің экологтары апаттың алдын алу мақсатында түрлі амал-тәсілдерді қолданғанымен, нәтиже болмай тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Сусылдаған барқан төбелер жылжып, елді мекендерге жақындап келеді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда көктем шығысымен шөлді аймақтың жұрты құммен алысады. Әсіресе елдің солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында бұл мәселе күрделі. Цилиан деп аталатын тау мен Гоби шөлінің арасында ұдайы жел соғып тұратындықтан, сусылдаған барқандар төбе-төбе болып жылжып келеді. Қазір Увэй қаласына құм жақындап қалды.
Жел тұрса, шаң көтеріліп, шаһардың астаң-кестеңін шығарады. Қала мен төңірегіндегі тағы бірнеше елді мекен экологиялық зардап шегіп отыр. Қытайлық ғалымдар талай тың технологияны игерсе де, табиғаттың дәл осы құбылысына төтеп беруге дәрменсіз. Енді құмды тоқтату үшін жергілікті көне тәсілді қолдануға көшті. Ол үшін күріш пен бидайдың сабанын пайдаланып жатыр. Алдымен шөлді шахмат тақтасы тәрізді етіп бөледі. Кейін сабанды төсеп, үстін құммен көмеді. Қолдан жал жасайды. Бұл аз да болса, біраз уақыт құмды бөгейді.
Лань Иньинь, ерікті:
- Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан әдіс. Әзірге осыдан тиімдісі жоқ. Біршама құм көшкінін тоқтатады. Дегенмен бұл да – уақытша жасалған шара. Жаңа маусым түсісімен бұл проблема қайта басталады. Аймақтың экологиялық ахуалы осыған байланысты. Бұл денсаулыққа өте зиян. Бұл – ортақ іс. Іс-шараға әрбір тұрғынның қатысып, атсалысуы маңызды.
Қазір құм көшкінінің алдын алу шаралары Тенгэр шөлінде белсенді жүріп жатыр. Оған жергілікті тұрғындар, еріктілер, сондай-ақ 7 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмылған. Жалпы саны 118 бригада жұмыс істеп жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жыл сайын қала мен елді мекендерге жақындап келе жатқан көшпелі құм жергілікті билікті алаңдатып отыр. Ресми мәліметке сәйкес биыл 17 мың гектар шөлге 2,5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарда. Сонымен қатар 190 мың гектар жерге жасанды тосқауылдар жасау көзделіп отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.