Ынтымағына сызат түскен Судан
«Ырыс алды – ынтымақ». Алауыздық соңы - соғыс. Былтыр әлемде 183 аймақтық қақтығыс болған.
Бұл туралы Стратегиялық зерттеулер жөніндегі халықаралық институтқа сілтеме жасаған «Блумберг» агенттігі хабарлады.
Сарапшылар 183 аймақтық қақтығыстың болуы кейінгі 30 жыл үшін ең жоғары көрсеткіш дейді. Өкініштісі, бұл қақтығыстардың көбі әлі жалғасып жатыр.
Бірлік - білгенге береке. Ынтымақтың қадіріне жетпегендер алты бақан алауыз болып, жанжалдан ес жия алмай, елдігіне сына қағып отыр.
Ортақ ұранға ұйыспай, ұтылып отырған ұлттың бірі - Судан. Былтыр 15-сәуірде басталған билік үшін талас ақыры азаматтық соғысқа ұласты. Жанжалдың бір ұшында үкімет әскері, екінші жағында "Тез әрекет ету күштері" тұр. Негізі бұл екеуі әуелде бірігіп әскери төңкеріс жасаған болатын. Бірақ кейін бірігуге келгенде 2 топтың да серкесі билікті өз қолына алғысы келді. Басы бір қазанға сыймаған екі қошқар ақыры қаруға қол артты. 4 мыңнан астам адамның қаны төгіліп, 8 миллионы босқынға айналды. Елде 4 миллионға жуық бала тойып тамақ ішпейді.
Джилл Лолер, ЮНИСЕФ өкілі:
- Судандағы сұрапыл соғыс аштықты күшейтіп жатыр. Осы наурыз айының аяғына дейін жаппай көмек көрсетпесек, қалың жұртты қырып алуымыз мүмкін. Бір тілім нанға мұқтаж 730 мың бала өлім алдында тұр. Алауыздық кесірінен Судан халқының тоз-тозы шықты.
Гаитиді анархия жайлап алды
«Ынтымақсыз елді - ұрысы билейд». Гаитиді анархия жайлап алды. Ел арасынан жік шығып, мұздай қаруланған қылмыстық топтар Ішкі істер министрлігінің ғимаратын өртеп, президент сарайына шабуыл жасады. Қақтығыс ошағына айналған халықаралық әуежай жабылған. Гаитиді қырсық 2021 жылы айналдыра бастады. 3 жыл бұрын белгісіз біреулер президент резиденциясына басып кіріп, Жовенель Моизді 12 рет атып өлтірген болатын. Бұл қылмыс әлі ашылған жоқ. Елде төтенше жағдай жарияланған. Сондай-ақ осы 2021 жылы жойқын жер сілкінісі болып, 200 мыңнан астам тұрғын ажал құшты. Берекесіздікті пайдаланған қылмыстық топтар жүгенсіз кетіп, көп аумақты басып алған.
Ең жарасымды ел – Финляндия
Біздің қазақта "Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!" деген әпсана бар. Осы тәмсілдің жарқын көрінісі - Финляндия. Ақ лалагүлдер мекені биыл жетінші рет әлемдегі ең бақытты елге айналды. Дәстүрлі рейтиңді Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялады. Сарапшылар ынтымағы мен ырысы келіскен мемлекетті анықтауда әлеуметтік қолдау шаралары, еркіндік, жомарттық, денсаулық, жемқорлықтың жоқтығы басты өлшем етіп алған. Үздік үштікке Дания мен Исландия ілікті. Ал бірлігі бекімеген Ауғанстан мен Ливан ең бақытсыз елдер деп танылған.
Ян-Эммануэль Де Неве, Оксфорд университеті әл-ауқат зерттеу орталығының директоры:
- Бірлігі бекем елдердің азаматтары бақытты, әл-ауқаты жоғары, ұзақ та алаңсыз өмір сүреді. Мұндай қоғамдағы адамдар бір-біріне сенеді, қолдайды, жұдырықтай жұмыла біледі.
Қазақ «Игілік басы - ынтымақ, Ынтымақты елде күншуақ» дейді. Әлемде бейбіт, берекелі қоғамда өмір сүруді қаламайтын ел жоқ шығар. Бірақ игіліктің бәрі - бірлікке барып тіреледі.