Қандастар төл мәдениетін дәріптеп жүр
Биыл Наурыз мейрамының дүниежүзілік материалдық емес мұралар тізіміне енгеніне - 15 жыл.
Қазір 30-дан астам мемлекет бұл күнді кең ауқымда атап өтеді. Біз үшін жыл басы наурыздың құндылығы ерекше. Халық мерекесі игі үрдістерді қалыптастыратын күшке айналды. Көрші елдердегі қандастар да мұндай жаңашылдықтан қалыс қалмайды.
Шалғайдағы ағайынға арналған ақ дастархан, спорттық ойындар сайысы мен концерттік бағдарлама. Өзбекстандағы қарақалпақ жерінің қазақтары үшін бұл әдеттегі наурыз емес. Ұлттық дәстүр жаңғырып, қайта қалпына келген мейрам. Бұған дейін көрісу күні өлкеде атап өтіле бермейтін. Қандастар сол олқылықтың орнын түзеген. Ұлттық киімдерін де мақтана көрсетіп, марқайып отыр.
Ал бұл - тауелібай өлкесінің өнерпаздары. Наурыз тойын әркез ән-жырмен әрлейді. Оның үстіне, қазақ фольклоры көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудыра бастаған. Мұндағы жұрт бір-бірімен тату. Ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Қазақ, өзбек, қарақалпақ болып, шығыстың жаңа жылын атап өтеді.
Мұқағали Маралов, Кенимех ауданы мәдениет үйінің қызметкері:
- Ансамбліміз Қазақстаннан, көрші елдерден келетін қонақтарға қызмет жасап келеміз. Өзіміз ұлттық дәстүрлерімізді көрсетіп, көбіне осы ата-бабамыздың халық әндерін орындап келеміз.
Әз-Наурызда Ташкент қазақтары да бірегейлігін сақтап келеді. Әсіресе ұлттық киім және аспаппен орталық алаңға беттейтін жастар көп. Сол арқылы төл мәдениетін дәріптейді. Жыл жемісті болсын деген тілекпен көпшілікке ән айтып, өнерлерін көрсетеді.
Қазақстан мен Өзбекстан бастапқыда-ақ ұлық мейрамды ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізу үшін көп күш жұмсады. Бірігіп әрекет етті. Қазір наурыз бүкіл әлемде халықаралық жаңару күні ретінде танылған. Ал жер-жерде ұйымдастырылатын мәдени шаралар бауырлас елдерді жақсылыққа үндеп, игі істерге ұйыстырушы күшге айналғандай.
Авторы: Рауан Мыңбаев