Парижде ЮНЕСКО өкілдері Наурыз мерекесін атап өтті
Түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырған ұлық мерекеде дипломаттар дастархан жайып, 7 түрлі дәмнен Наурыз көже әзірлеген.
Концерттік бағдарлама ұйымдастырып, әсем ән, көркем бимен мерекенің көркін аша түсті. Шарада қазақстандық «Астана сазы» ансамблінің әртістері де өнер көрсетті.
Наурыз мерекесін әлемде 300 млн-ға жуық халық тойлайды. Ал ресми түрде Азияның 12 елі, Үндістан, Қытай, Түркия және Ирак жұрты атап өтеді. Биыл бұл тізім жаңарып, қатарға Моңғолия да қосылды.
Нямхуу Уламбаяр, Моңғолияның Франциядағы елшісі:
- Моңғолияда жыл сайын дәстүрлі Наурыз мерекесін атап өтетін қазақтардың үлкен қауымдастықтары бар. Біз де олармен бірге ұлық мерекені атап өтіп, әрі қазақтың бай мәдениетімен танысуға мүмкіндік аламыз. Енді Наурызды ресми тойлайтын елдер тізіміне кіретініміз бізді ерекше қуантады.
Симона-Мирела Микулеску, ЮНЕСКО бас конференциясының президенті:
- Мен Наурызнама тұжырымдамасын ерекше құрметтеймін. Көктемнің келуімен басталатын осы мерекеде тек жақсы ойлар ойлауымыз керек. Әсіресе, бұл бастама, біз өмір сүріп жатқан қиын заманда өте маңызды. Сондай-ақ осы мерекені атап өтетін елдер тізімінің кеңейгені де қуантады.