Өзбекстанда Наурыз мерекесі тойлануда. LIVE

Өзбекстандықтар наурыз мерекесін ерекше атап өтті.

Ташкентте 14 облыстың өкілдері бас қосып, әр өңірдің өзгешеліктері мен ата дәстүрі дәріптелді. Сахналық қойылымдар арқылы шығыс жерін мекендеген ұлт пен ұлыстың мәдениеті көрініс тапты. Мерекені тойлауға жиналған жұрт ұлттық тағамдарын дайындады. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ұлыстың ұлы күні сіздерге де құтты болғай! Ташкентте бүгін күн бұлтты әрі жаңбырлы. Соған қарамастан жұрттың жүзінен жылылықтың лебі сезіледі. Жалпы шығыс халқы ұлық мейрамға ерекше мән берген. Наурызды қалай қарсы алсаң, жыл солай болады деген түсінік бар. Сондықтан таңертең тұрып, бір-бірін құттықтап, ренжіскендер болса татуласып, тіпті жақын туыстарына бағалы сыйлық табыстап жүргендер көп. Мұнысы жыл жемісті болсын деген ниет. Қаладағы ең негізгі салтанатты жиын “Хумо” аренада ұйымдастырылды. Оған қатысқан көпшіліктің қарасы қалың. Мерекелік шара театрландырылған қойылыммен басталды. Өкшесінен от шашқан бишілер мен күміс көмей әншілер ән-жырдан шашу шашты.

Юсупбай Аллабергенов, Хорезм облысының тұрғыны:

- Біз наурыз думанға Хорезм облысынан келдік. Мейрамымыз тұтас Өзбекстанда кең ауқымда тойланады. Көршілеріміз де мерекені айрықша атап өтеді. Бұл күндері ұлттық дәстүрлеріміз жаңғырып жатыр. Әдет-ғұрып салтанат құруда. Барша жұртты ұлық мейраммен құттықтаймын.

Кешен өзбек халқына тән дәстүр мен салт, тіпті қолөнер бұйымдарымен көмкерілді. Мерекені тамашалауға келгендерге әр өңірдің ерекшелігі таныстырылды. Өзбекстанда жұрттың киген киіміне қарай қай өңірдің тұрғыны екенін біле беруге болады. Мәселен, Қарақалпақстан мен Самарқанд, Бұқара секілді өңірлер түрлі ою-өрнегімен ерекшеленеді. Қыз-келіншектердің киім үлгісі де бөлек. Ал Ферғана мен Әндіжаннның салты мүлдем басқа. Тілінде де айырмашылық бар.

Гүлхадиша Айымбетова, Қарақалпақстанның халық әртісі:

- Үлкен мерекеге Қарақалпақстан Респуликасы ұлттық фольклор ансамблі атынан өзіміздің композициямызды алып келдік. Көңілді көтеретін ғұрып, ойындарымызбен, соның ішінде қыз ұзату, келін түсіру дейтін рәсімімізді, достық байланысымызды көрсетіп жатырмыз.

Қыстан аман шығып, көктеммен қауышпен ағайын наурызды осылай төл бейнесінде қарсы алды. Шараның көркін керней мен дутардың әуезді әуені, яки өнерпаздар қыздыра түсті. Жалпы наурыз думанды шығыс асханасыз елестету қиын. Мұндайда өзбек халқы палау мен сүмәлекті әзірлейді. Соңғысы біздің наурыз көже секілді тек мерекеде дайындалатын тағам. Ол бидай, ұн және өсімдік майы қосылып, алып қазанда 1 тәуліктен аса пісіріледі. Дайын болған соң қоңыр түске енеді. Сүмәлек өзбек халқының ұғымында ең ағзаға пайдалы астың бірі. Әзірлеу барысы мен дәмін татар кезде жақсы тілектер тілеу қажет. Осындай наным-сенімге берік көршіміздегі қариялар жаңа жыл құтты, бауырлас елдердің бірлігі бекем болсын деп тілектерін де жолдады.