Қазақ күйлері корей радиосынан берілді
Қазақ күйлері алғаш рет Оңтүстік Кореяда тікелей эфирде орындалды.
Елдегі ең ірі – KBS радиосының тыңдармандары Құрманғазы, Дайрабай және Түркеш Қалқаұлының шығармашылығымен танысты. Жергілікті тұрғындарға Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау мен қазақ халық композиторларының туындылары туралы айтылды. Бағдарлама бүгін таңғы, түскі және кешкі уақытта эфирге шықты. Елдің оңтүстіктегі Кимэ қаласының әкімдігі Құрманғазы шығармашылығына үлкен қызығушылығын білдірді. KBS радиосы бүкіл Оңтүстік Кореяда хабар таратады. Оның веб-сайтыннан бағдарламаның жазбаларын тыңдауға болады.
Айта кетейік, осы қалада бір жыл бұрын Наурыз мерекесінде қазақ музыкасын орындаған саксофоншылар тұрады.
Ким Тэ Хан, саксофоншылар тобының жетекшісі:
- Қазақ музыкасын былтыр алғаш естіп, үлкен әсер алдым. Содан Пусан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарға үлес қосуым керек деп шештім. Көшпенділердің музыкасы мұңды деп ойлағам едім бірақ ол өте ырғақты әрі әуезді болатынын байқадым. Қазақстанда әлі болған жоқпын. Биыл саяхаттап барып қайтпақ жоспарым бар.
Қытай радиосында қазақтың күйі күмібрледі
Қытайдың үздік радиоларында да қазақ күйлері мен әндері шырқалды. Ұлыстың ұлы күні қазақстандықтарға құттықтау жолданды. Мұндай бастама аспан асты елінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Айгерім Тұран Наурыз мерекесінде күмбірлеген күй мен халық әндерін естіп марқайып қалды. Ол Бейжіңнің 969 FM орталық радиосының тұрақты тыңдарманы. Мейрам күні радиостанция «Балбырауын», «Адай» күйлері және Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Дайдидау» әнін қойып қазақ өнерін дәріптеді.
Айта кету керек, қазақ күйлері биыл әлемнің 26 елінде орындалды. Игі шараны Мәдениет және ақпарат және Сыртқы істер министрліктері ұйымдастырды.