Брюссельде Атом энергиясы жөніндегі бірінші саммит ашылды
Халықаралық қауымдастық 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын екі есе азайтуды көздеп отыр.
Форумға «Қазатомөнеркәсіп» өкілдері бастаған делегациямыз қатысып жатыр.
Жанат Эрнст, тілші:
- Атом энергетикасын дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті арттыру және баламалы энергия көздерін жетілдірудегі бейбіт атомның рөлі. Осы және өзге де мәселелер Брюссельде ашылған Атом энергиясы жөніндегі алғашқы халықаралық саммитте талқыланып жатыр.
Жаһандық жылыну мәселесі әлем елдерін қазбалы отыннан біртіндеп бас тартуға ықпал етті. Халықаралық нарықта энергия бағасының өсуінен атом энергиясын пайдаланудың өзектілігі арта түскен. Мысалы, Еуропа елдері ядролық энергия өндірісі климаттың өзгерумен күресудің бірден бір жолы деп санайды.
Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры:
- Бұл Саммитті өткізіп отырған себебіміз, әлемде қазіргідей жағдайда атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың маңыздылығы артып отыр. Осыған байланысты оның пайдалануы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және одан әрі жетілдіру сияқты түрлі мәселелерді талқылауды қалаймыз.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР ЕО және НАТО жанындағы миссиясының басшысы:
- Ашық дискуссия болып жатыр, осы бейбіт атомның келешегі қандай, қалай осы жаңа технологияларды қамтамасыз етуді мәселелерді талқыладық. Әрине тағы бір мәселе қалай осы атом энергетика инфрақұрылымдарды қаржыландыру. Сол мәселелер де бүгін талқыланды. Қазақстан болса біз белсенді осы энергетика нарығында серіктеспіз. Сондықтан біздің осы шараға қатысқанымыз өте маңызды деп санаймын.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда көптеген елдер атом энергиясын «жасыл энергия» ретінде қарастырады. Мамандар бұл ұзақ пайдаланатын қуат көзі болғандықтан энергия бағасының тұрақтылығын сақтауға көмектеседі деп есептейді.
Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК" АҚ басқарма төрағасы:
- Қазақстанның жалпы дүниежүзіңдегі уран өндірісінің 40 проценттен астам құрайды. Ол дегеніміз Қазақстаннның осы жалпы дүниежүзілік уран индустриясында рөлі зор деген сөзге келеді. «Қазатомпромның» атом индустриясына рөлі өте маңызды. Біз осы жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз, сол көшбасшы қалуға біз бүкіл қолымыздан келетін жұмыстарды атқарамыз.
Форумда отыздан астам ел мен жүздеген компания «жасыл» энергияға көшу үшін бейбіт атомды белсенді пайдалануды қолдады. Атом энергетикасындағы өзекті мәселелерді дер кезінде талқылап отыру үшін жиі кездесу өткізіп тұруға келісті.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов