Қытай Наурыз мейрамын тойлап жатыр
Қытайда Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Ұлыстың Ұлы күнінде Шыңжаң қазақтары Бейжің жұртына ауқымды концертттік бағдарлама ұсынды.
Бейжіңде Наурыз үш жыл үзілістен кейін қайта тойланып отыр. Шыңжаң өнерпаздары ұлттық аспаптармен ән салып, дүйім жұртқа қуанышты көңіл күй сыйлады. Қазақы салтпен шашу шашып, дәстүріміз дәріптелді. Тәтті тағамдар ұсынылып, ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Осымен қатар қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Екі елдің мәдениеті мен ұлттар ынтымағын арттыруға бағытталған мерекелік іс-шараны Алтай, Тарбағатай және Іле-Қазақ аймақтары жылда кезекпен өткізеді. Төл мерекені атап өту үрдісі пандемия кезінде тоқтап қалған еді. Биыл әз-Наурыз Қытай елінің «Гүлді бақша» мейрамымен қатар ұйымдастырылып отыр.
Ақбар Мәжитұлы, жазушы:
- Наурыз әрбір семьяның ісі емес. Бұл бүкіл ұлттың ісі, ұлттың мәдениеті. Оның үстіне қазақ өзі ғана қуану ғана емес, көпті де қуанту. Бірге осы Наурыздың иісін алып, бағана шашуға таласып жатыр әне. Осындай мәдениет ауыс-түйіс қой.