Ұлыстың ұлы күні Ұлыбританияда тойланды
Ұлыстың ұлы күні Ұлыбританияда да тойланды.
Тұманды Альбионда тұратын қандастарымыз және жергілікті халық бірігіп, Наурызды кең көлемде атап өтті.
Қазанның жанында қызу тірлік. Ұйымдастырушылар тағамның дәм-тұзын келтіріп, жүгіріп жүр. Палаудың күрішін баптауға білек сыбана кіріскен аспаздардың бірі Серік. Шын аты Стивен. Кезінде Қазақстанда жұмыс істеген азамат, қазір зейнеткер.
Стивен Бакленд, зейнеткер:
- Атырауда Теңіз мұнай-газ кен орнында жұмыс істегенде Наурызды ұжымымызбен үнемі тойлаушы едік. Биыл осында атап өтіп жатырмыз. Маған қазақтың мәдениеті, ұлттық тағамдары өте ұнайды. Музыкасы мен билерін де жақсы көремін.
Шара басталмас бұрын әнұран орындалды. Елден жырақта жүрген қандастарымыз жүрек тұсына оң қолдарын қойып, ән шырқап елге деген құрметтерін көрсетті.
Мерекеге байланысты Қазақстаннан арнайы алып келген қазы-қарта, құрт пен жент дастарханды жайнатып жіберді. “Жиған-тергенің тойға шашылсын” деген сөзді жадына түйген қазақтар шашу шашуды да ұмытпады.
Алмаш Әлиева, мерекелік шараны ұйымдастырушы:
- Мен осы Англияда тұрып жатқаныма 17 жыл болды. Осы Наурыз мейрамын 8 жылдан бері үзбей тойлатып келгеніме 8 жыл болды. Бүгін 120-дай ересек адам келді.
Ботагөз Нил, мерекелік шараны ұйымдастырушы:
- Англия еліне 7 жыл бұрын көшіп келгем. Жолдасыммен және кішкентай баламызбен. Наурыз тойын мерекелеудегі мақсатымыз қазақ халқының басын қосып, балаларымыз бірге аралассын деп жиналып отырмыз.
Мерекеде ата-аналар балаларымен бірге сахнаға шығып, таланттарын көрсетті. Бірі домбыра тартып, ән айтса енді бірі қобызда ойнап жиналғандарды тәнті етті. Көпшілігі ұлттық аспаптарды Қазақстандағы мұғалімдерден онлайн үйренген.
Кәмшат Күмісбай, Ұлыбританиядағы қазақ орталығының директоры:
- Көктемнің осындай керемет күнінде қазақтардың басы қосылып, осылай жиналып жатқаны бәрімізді қуантады. Керемет шара деп ойлаймын. Өзіміздің ортамыз жылдан жылға көбейіп, шетелдіктер де қосылып жатыр.
Бәрінен де кішкентайлар риза. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші мерекелік шарадан балалардың ұлтжанды болып өсіп келе жатқаны байқалып тұрды. Ата-аналар арқан тартып жарысып, ұлттық ойынды кішкентайлар жалғастырды. Оларға британиялық балалар да қосылды.
БЛИЦ:
1.Ешкім ауырмасын, денсаулық зор болсын және бейбітшілік болсын.
2.Әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін.
Ұлыбританияда бейресми деректерге сәйкес 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Студенттермен қатар, отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен өмір сүріп жатқан отандастарымыз көп.
Ғалымжан Қараманұлы