«Крокустағы» шабуылдан кейін елдер қауіпсіздікді күшейтуге кірісті
Қауіпсіздік басты назарда. Ресейдің «Крокус Сити Холл» концерт залында болған шабуылдан кейін көп елдер қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.
Түркияда арнайы операция өтті. Францияда лаңкестік қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды. Бұл елде бірнеше айдан кейін өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр Эйфель мұнарасының жаныда туристке жасалған шабуылдан кейін қауіпсіздік мәселесіне қатысты көп сын айтылып келеді.
Ресейде болған шабуылдан кейін Еуропада қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады. Италияда Пасха алдында адам көп жиылатын орындарда тәртіпті қадағалаушы полицейлер саны артады. Бұдан бөлек, интернеттегі бақылауға көп көңіл бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде жақында 3 адам тұтқындалды. Олар Италия мен Еуропаның өзге елдерінде шабуыл жасауды ойластырған.
«Крокус Сити Холдағы» оқиғадан кейін Францияда лаңкестік қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды. Соңғы рет мұндай тәртіп былтыр күзде енгізілген. Ол кезде тиісті шешім Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне байланысты қабылданған еді. Қазір Францияда жазда өтетін Олимпиада ойындарына дайындық жүріп жатыр. Бірнеше ай бұрын Эйфель мұнарасының жанында туристке шабуыл жасалғаннан кейін Парижге сырттан миллиондаған адам келгенде не болады деген сыни пікірлер көбейді. Бірақ ұйымдастырушылар қауіпсіздік басты назарда екенін айтады. Ол үшін жаңа технологиялар пайдаланылады. Қажет болса, бюджет көлемін де арттырамыз, – дейді билік.
Түркияда лаңкестікке қарсы арнайы операция жиі ұйымдастырылып отырады. Бұл жолы соның барысында 150-ге жуық адам қамауға алынды. Жалпы кейінгі 10 айдың ішінде түрік елінде 1300-ден аса арнайы операция өтіп, 3 мыңға жуық адам тұтқындалған. Олар шиеленіс аймақтарындағы қарулы қақтығыстарға қатысып, лаңкестікті қаржыландыруға көмектескен.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева