Көктем дейсіз бе... аллергиям бар еді...
Қазір әлемде адамдардың 30 пайызы аллергияға шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы 100 жылда бұл індет одан бетер асқынады деп отыр.
Мәселен, биыл қаңтар, ақпан айларының өзінде АҚШ-та 80 миллион адам аллергия белгілерімен дәрігерге шағымданған. Оған қыстың жылы болуы, көктемнің ерте келуі себеп дейді сарапшылар.
Иә, Көктем – жылдың ең керемет мезгілі. Дегенмен бұл мезгіл кей адамға аса ұнай қоймайды.
Әсіресе жапон халқы мен еуропалықтар үшін ең қолайсыз кезең.
Сакура гүлдегенде аллергия қозады
Жапонияда көктем – ерекше мезгіл. Сакура гүлдейтін шақ. Осы кереметті көру үшін жыл сайын миллиондаған турист барады.
Алайда, жергілікті тұрғындар үйден шықпауға мәжбүр. Оған себеп – маусымдық аллергия. Жыл сайын халықтың 40 пайызы, яғни миллиондаған адам шие және балқарағай ағаштарынан бөлінетін шаң-тозаңнан зардап шегеді. Үнемі бетпердемен жүреді. Бір қызығы, бұл кезде маска саудасы қызады. Дегенмен, дәмханалар мен ойын-сауық орталықтарына баратын халық қарасы азайғандықтан, ел экономикасы да шығынға батады. Мәселен, былтыр елдегі көптеген индустрияға қаңтар-наурыз айлары аралығында 2,7 миллиард доллар шығын келген.
Кимихаро Окубо, дәрігер:
- Әрине, жайма-шуақ көктемде адамдар сыртта жүріп, серуендегісі келеді ғой. Дегенмен, сақтанғаны абзал. Үйде болып, барлық терезені қымтап жауып, үнемі бетпердемен жүруі керек.
Жапония үкіметі ел тұрғындарын шөп безгегінен құтқару үшін алдағы 30 жыл ішінде ағаш тозаңының шығарындыларын екі есе азайтуға уәде берген. Сондай-ақ, он жылдан кейін жас балқарағай ағаштарының 90 пайыздан астамын тозаңды аз бөлетін түрлермен алмастыруды жоспарлап отыр.
Еуропаға көктем ерте келді
Биыл еуропалықтар қыстан жаурамай шықты. Дегенмен бұл аллергиясы барлардың ауруын одан ары қоздырып жіберді.
Мәселен, Германияда ағаштар мен бұталар биыл қаңтарда гүлдей бастаған. Ал Францияның оңтүстік-шығысында, кипарис, мимозаның гүлдеуіне байланысты аллергиясы барлар үшін, қауіптің қызыл деңгейі жарияланған.
Сондықтан, дәрігерлер аллергияның қандай да бір белгілерін байқаған жағдайда, дереу дәрігер кеңесіне жүгінген жөн дейді.
Анджу Питерс, солтүстік-батыс медицина ғылымының докторы:
- Шаң-тозаң мөлшерінің қай кезде ұлғайып, қай кезде азаятынын бақылап отыру керек. Егер шұғыл сыртқа шығу керек болған жағдайда, көзілдірік тағуды ұмытпаңыз. Көшеге киген киіміңізді міндетті түрде үйге келген соң аустырыңыз және оны дереу жуып қойыңыз.
Ауру астан
Тек шаң-тозаң мен шөп емес, аллергияның 10 пайызы тамақтан болады. Адам асқазанына жақпайтын 170-тен астам тағам түрі бар.
Соның ішінде: Сүт, жаңғақ, теңіз және ұн өнімдері, цитрус жемістері мен бал түрлерін көпшілік талғап жейді. Әсіресе, жаңғақтың кез келген түрінен келетін қауіп көп. Мәселен, АҚШ-та жыл сайын жаңғаққа аллергиясы бар жүздеген адам көз жұмады. Ал сүт өнімдері, көбіне 6 жасқа дейінгі балаларға кері әсер етеді.
Дүние жүзінде миллиондаған бала аллергиядан зардап шегеді. Бұл баланың иммунитетін төмендетіп, психикасына да әсер етеді. Мәселен, түрлі аллергиялық реакциялардың салдарынан қорқу, тәбеттің жоғалуы және ұйқының бұзылуына душар болады – дейді британиялық Колумбия университетінің профессоры Стюарт Турви.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ХХ ғасырды жүрек-қан тамыры ауруларының ғасыры деп атаса, қазір аллергия ғасыры. Өйткені, орта есеппен әлемде әр үшінші адам аллергиядан зардап шегеді.
Мамандар алдағы 10 жылда аллергияға шалдығатын адамдардың, әсіресе, балалардың саны күрт көбейетінін ескертеді.