Климатты қорғауға арналған тың технология
Парижде экологиялық технологиялардың әлемдегі ең ірі көрмесі өтіп жатыр.
Жұрт назарына 1 мың стартап жоба ұсынылған. Биылғы көрмеде қандай ерекшеліктер болды?
Change now форумындағы технологиялар өмірді жақсартуға бағытталған. Әсіресе тамақ қалдықтарын жинап, оларды әдемі аксессуарларға айналдыру құралдарын жиі кездестіруге болады. Ал мынау сөмке мен аяқ киім кофенің күнжарасынан жасалған. Бұлардан да басқа талай қызық әрі пайдалы бұйымдар бар.
Юянь Сон, PEELSPHERE стартапының негізін қалаушы:
- Мата жасау үшін пектин мен целлюлозаны біріктіреміз. Мұны біз бірінші болып қолға алдық. Бұл стартапты мен 2018 жылы бастадым. Осылайша сән өнеркәсібіне өз үлесімізді қосып жатырмыз.
Ал мынау ағын суды ішуге жарамды ететін жүйе. Француз технологиясы Австралия, Финляндия, Боливия, Перу мен Мароккода сынақтан өтіп үлгерген.
Матильд Мулян, GEOPURE стартапының жетекшісі:
- Бұл толық автоматтандырылған. Жүйені алдымен суға толтырамыз, оған жаңбырдың немесе өзеннің суын құюға болады. Ол сумен тамақ та істей аласыз. Кейін су қайта жиналып, қайтадан тазартылады. Әбден қоюланған соң барып далаға төгесіз.
Су мәселесі - көрменің басты тақырыбына айналған. Бұған стартапшылардың ғана емес, суретшілердің де үлесі бар. Каролин Деноэтт теңіз әлемін зерттейтін халықаралық орталықпен бірігіп, балдырлардан пластинка жасап, мұхит жануарларының дыбысын жазып, естіртті.
Каролин Деноэтт, суретші:
- Бұл - мұхит дауысы. Осылайша мен мұхиттың экожүйесі нәзік екенін жеткізгім келді. Олардың біздің өміріміздегі орны ерекше. Мұхиттарсыз тіршіліктің тепе-теңдігі бұзылады. Осыған назар аудартқым келеді.
Суретші Гренландия китінің және сытқы деп аталатын мүйізтұмсықтың дауыстарын жазып алған. Күтпеген жерден таспаға түскен дыбыстар да бар.
Көрмеге бас-аяғы 35 мыңға жуық кәсіби маман келеді деген болжам бар. Олар өзара тәжірибе алмасып, тіпті кейін бірге жұмыс істеуі де мүмкін.
Кристиан Ситу, QURATOR платформасының өкілі:
- Бүгінгі көрмеге қарап, климат өзгерісінің қаншалықты үлкен мәселеге айналғанын көріп отырмыз. Ғаламдық жылынуға физикалық шекара қоя алмайсыз. Ол бәрін қамтиды. Әртүрлі елден келген мамандар сан алуан тамаша шешімдер ұсынып жатыр. Қарап отырып қызығасың әрі риза боласың. Әзірге Қазақстаннан ешкім жоқ. Қазақстан өкілдерін біздің платформаға қосылып, экологиялық технологиялар ойлап табуға шақырамыз.
Бұған дейінгі форумдар бизнесмендер үшін өтетін. Биылғы ерекшелік - көрмедегі стартаптармен қарапайым адамдар, әсіресе, балалар емін-еркін таныса алады.
Авторлары: Ернат Мелұслы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан