Түркияда сайлау өтіп жатыр
Түркияда муниципалдық сайлау өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Халық жергілікті басқару органдарының басшыларын таңдайды. Олардың ішінде жүздеген ірі қала мен провинция әкімдері бар.
Түркияда бүгінгі сайлауда 81 провинция, 390 қала және 973 аудан мен 50 мыңнан астам ауыл әкімімен қатар облыстық және муниципалдық кеңес басшылары белгілі болады. Саяси додаға 34 партия түсіп жатыр. Жалпы елде 61 миллионнан аса азамат дауыс беру құқығына ие.
Ахмет Йенер, Түркия Жоғарғы сайлау кеңесінің басшысы:
- Барлық сайлаушыларымыз өз дауыстарын беріп, демократиялық міндеттерін орындайды деп күтеміз. Елдің түкпір-түкпірінде сайлау бірқалыпты өтіп жатыр. Қазірге дейін дауыс беру учаскелерінде өрескел ереже бұзушылықтар тіркелмеді.
Жалпы бауырлас елде саяси шара қызу жүріп жатыр. Таңсәріден бері сайлау учаскелеріне келушілердің қарасы қалың. Cайлау қауіпсіздігін 600 мыңға жуық құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен еріктілер қамтамасыз етіп отыр.
Невин Башаран, жергілікті тұрғын:
- Экрем болсын, Мұрат болсын, маңызды емес. Ең бастысы, халықтың қамын ойлайтын үміткерлер жеңіске жетсін. Кандидаттар елімізді гүлдендіруге күш салатын еңбекқор болса деймін.
Сарапшылар негізгі дода Ыстамбұл мен Анкарада жүреді деп пайымдап отыр. Қос қалада 15 миллионға жуық сайлаушы бар. 2019 жылғы сайлауда екеуінде де оппозициялық Республикалық халық партиясының үміткері жеңіске жеткен еді. Бұл жолы қазір биліктегі Әділет және даму партиясы сол жоғалтқан орындарын қайтарып алуға үмітті.
Экрем Имамоғлұ, Ыстамбұл мэрі, үміткер:
- Дауыс беру – демократия тірегі. Сондықтан бүгінгі сайлау еліміз үшін өте маңызды. Сайлаушылар менің соңғы 5 жылда атқарған жұмыстарымды оң бағалайды деп үміттенемін.
Мұрат Курум, Түркияның бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрі, үміткер:
- Бүгін – Ыстамбұл болашағы мен балаларымыздың келешегі үшін өте маңызды шешім қабылданатын күн. Сондықтан барша тұрғындарды белсенді дауыс беруге шақырамын.
Муниципалдық сайлау Түркияда 1930 жылынан бері жүйелі түрде өтіп келеді. Тіпті жергілікті сайлауда жеңіс жалпыхалықтық сайлауға жолдама іспетті. Президент Ердоғанның өзі саяси мансабын Ыстамбұл мэрі ретінде бастағанын ескерсек, муниципалдық сайлаудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Автоыр: Меруерт Қанағат.