Түркияда оппозиция жеңіске жетті

Түркия әкімдерін сайлады. Алдын-ала сайлау қорытындысы бойынша ірі провинция басшылары орындарын сақтап қалды.

Ал елдің басқа өңірлерінде күтпеген нәтижелер болды.

Түркияда кеше өткен муниципалдық сайлаудың бейресми қорытындысы бойынша елдің ең ірі – Анкара, Ыстамбұл және Измир қалаларының мэрлері өз орындарын сақтап қалды.

Осылай оппозициялық Республикалық халық партия соңғы 20 жылда алғаш рет биліктегі Әділет және даму партиясын басып озып отыр. Президент Ердоған партияластарының додада қалаған нәтижеге қол жеткізе алмағанына тоқтала келе, «бұл – бетбұрыс жасайтын уақыт жеткенін көрсетеді» деді. 

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Бұл сайлау біз үшін бетбұрысты кезең болмақ. Халқымыз сайлау арқылы өз қалауын білдірді. Бұл саяси дода ең алдымен біздің демократиямыздың көрсеткіші. Бүгін қандай партия болмасын демократиялық құқықтарын пайдаланып, өз таңдауын жасағандар жеңіске жетті.

Анкара мэрі Мансұр Яваш пен Ыстамбұл басшысы Экрем Имамоғлұ жеңістерін тойлап жатыр.

Жалпы сайлауда оппозициялық Республикалық халық партиясы ірі қалалардың басшылары үшін күресте 37,6%, Әділет және даму партиясы 35,5% дауыс жинап отыр. Нақтырақ айтқанда 81 провинцияның 35-і Ататүрік құрған партияның, 24-і Ердоған жетекшілік ететін Ақ партияның басқаруына өтті.

Мансұр Яваш, Анкара мэрі:

- Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Әрқайсымыз осы қаланың, осы ұлттың абыройлы мүшесіміз. Саяси көзқарасымыз, әр партияның ұстанымдары өзгеше болғанымен мақсаты – бір. Ол – халқымызға қызмет ету.

Экрем Имамоғлұ, Ыстамбұл мэрі:

- Ыстамбұл халқы осы кеште бізге тарихи жолдауын жасады. Бұл азаматтарымыздың бізге үлкен үміт артқанының белгісі. Біз еліміздің дамуы үшін алдағы уақытта да бар күшімізді салып еңбек ететін боламыз. 

Сарапшылар болса, сайлау нәтижесіне екі түрлі баға беріп отыр. Бірі – Ердоған енді төрт жыл ішінде жоғалтқан дауыстарын жнауға күш салады десе, өзгелері – Анкара мен Ыстамбұл басшыларының 2028 жылы президенттікке үміткер екенін алға тартады.

Өзгур Өзел, "Республикалық халық партиясының" басшысы:

- Сайлау халықтың Түркияда жаңа саясат құруға шешім қабылдағанын көрсетті. Бүгін сайлаушылар Түркияның 22 жылдық бейнесін өзгертіп, жаңа саяси өмірге қадам жасауға шешім қабылдады.

Сайлауда азаматтардың 76,65 пайызы дауыс берген. Бұл Түркияда соңғы 15 жыл ішіндегі муниципалдық сайлаулардағы ең төменгі көрсеткіш.

Меруерт Қанағат, «24.KZ», Түркия