Әлем елдерінде су тасқыны жиілейді
Соңғы жылдары әлемде су тасқыны, лай көшкіні сияқты табиғи апаттар жиілеп кетті.
Ғалымдар 2030 жылға таман табиғаттың тосын мінез көрсетуі қалыпты құбылысқа айналатынын айтады. Алапат су тасқындары тіркелуі мүмкін деп болжайды.
Cloud to Street компаниясы мамандарының болмажы бойынша 2030 жылға қарай әлемде су тасқыны қазіргіден бетер жиілей түседі. Өз кезегінде БҰҰ өкілдері жыл сайын 560 табиғи апат тіркелетінін айтады. Бәрі климаттың өзгеруімен байланысты екен. Рет-ретімен бірер секундтан соң.
ХХІ ғасырдың басынан жер жүзінде су тасқынынан зардап шеккендердің саны 24 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш ғалымдар болжағаннан он есе көп. Cloud to Street компаниясының мамандары жүргізген зерттеуіне сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында болған су тасқындарының аумағы 2,23 миллион шаршы шақырымды құраған. Яғни әлемнің 169 елінде табиғи апат тіркелген. Соның салдарынан кемі 255 миллион адам зардап шеккен. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп барады. Кейінгі апталарда жер бетінде болып жатқан алапат су тасқындары соның айқын көрінісі. Бірер мысал. Қазір Ресейдің 20-дан астам өңірі су астында. Алтай өлкесіндегі ахуал жан түршігерлік. 478 үй мен 2 мыңдай жер телімі бүлінген. 100 көпір мен 50 жолды су шайып кеткен. Қызыл суға байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланды. Ал Саратов облысында 24 өзен арнасынан асып, жергілікті қоймалардың су деңгейі қалыпты межеден 126 пайызға артып кеткен. Новосібір мен УльЯновск облыстарындағы жағдай осыған ұқсас.
Су тасқыны салдары
Ауғанстанда толассыз жауын-шашын мен тасқын салдарынан 7 адам ажал құшты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, табиғи апаттан 500-ден астам үй бүлініп, 1500 гектар егістік алқабы жарамсыз болып қалған. Тасқын зардабын Түрікменстанмен шекаралас Фарияб, сондай-ақ Нангархар мен Дайкунди провинцияларының тұрғындары тартып отыр. Пәкістандағы Хайбер-Пахтунхва аймағында да тасыған су егістік жерлердің көбін түк қалдырмай шайып кеткен. 10 адам көз жұмып, тағы ондаған тұрғын зардап шеккен.
Адамдар белуардан су кешіп жүр
Қазір Мадагаскарлықтардың да мазасы қашқан. Селдетіп құйған жаңбырдан халық белуардан лай су кешіп жүр. Өңірде алдымен қатты дауыл тұрып, арты жауын мен алапат су тасқынына ұласқан. Табиғат апатынан 18 адам опат болды.
Кларк Фавьен, жергілікті тұрғын:
- Үйімізді су шайып кетті. Барлық тұрмыстық жабдықтармыздың быт шыт болып бүлініп қалды. Асүйдегі астықтың бәрі дымқыл. Жағдайымыз өте нашар. Ертелі кеш нәр татпадық.
Мамандардың айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінде тіркеліп жатқан табиғи апаттар жаһандық жылынумен тікелей байланысты. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының дерегі бойынша дәл осы климаттың өзгеруі мен экстремалды ауа райынан шамамен соңғы 50 жылда табиғи апаттар саны бес есе артқан. Статистикаға жүгінсек, 1970 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта әлем бойынша 11 мыңнан астам табиғи апат тіркеліп, 2 миллионнан аса адам опат болған. Ал экономикалық шығын 3,5 триллион доллардан асады.