Орынборда тасқын қаупі күшейді
Ресейдің Орынбор облысында тасқын қаупі күшейді, деп хабарлайды 24KZ.
Жұрт эвакуацияланып жатыр. Ал Венесуэлада орман отқа оранып жатыр. Екі күнде 400-ден аса өрт ошағы тіркелген.
Орынборда тасқын қаупі күшейді
Ресейдің Орынбор облысында су тасқыны қаупі артты. Бір тәулікте Жайық өзенінің деңгейі 83 сантиметрге көтеріліп кеткен. Осыған байланысты су басу қаупі жоғары аймақтан 46 адам эвакуацияланды. Облыстық маңызы бар жол учаскелері мен көпірлер жабылды. Аймаққа құтқарушылар тартылған. Жағдайды бақылауда ұстау үшін жауапты мекемелер ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып жатыр.
Орман өрті өршіп тұр
Венесуэлада жыл басынан бері 6 мыңға жуық орман өрті тіркелген. Бұл – кейінгі 25 жылда болмаған көрсеткіш. Соңғы 2 күннің өзінде ел аумағында 400-ден аса ірі өрт ошағы тіркелген. Оны сөндіруге мыңнан аса маман, ондаған техника тартылған. Сарапшылардың сөзінше, табиғи апаттарға жергілікті шаруалардың әрекеті себеп. Фермерлер егістік алқаптар мен жайылым жерлер аумағын кеңейту үшін орманға әдейі от қоятын көрінеді. Тағы бір себеп климаттың өзгеруімен байланысты, – дейді ғалымдар.
Әлемде мұнай бағасы өсе бастады
Әлемде қара алтын құны қайта өсе бастады. Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі қазір 88 доллардан саудаланып жатыр. Бұл – соңғы 5 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Блумберг басылымының дерегінше, мұндай жағдайға мексикалық мұнай экспортының қысқаруы туралы ақпар себеп болуы мүмкін.
Маймыл шешегін жұқтырғандар көбейді
АҚШ-та маймыл шешегін жұқтырғандар көбейді. 3 ай ішінде аталған инфекция 500-ден астам америкалықтан анықталған. Көрсеткіш 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе жоғары. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, қазір бұл вирус елдің бірнеше штатында өршіп тұр. Осыған байланысты билік өкілдері халықты вакцина қабылдауға шақырып жатыр.