Ыстамбұлда өрттен 29 адам көз жұмды
Ыстамбұлда 16 қабатты үйден шыққан өртке байланысты 8 күдікті ұсталды. Өкінішке қарай, 29 адамды құтқару мүмкін болмады.
Кеше Ыстамбұлда 16 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан 29 кісі қаза тапты. Зардап шеккен бір кісі ауруханада емделіп жатыр. Алау ғимараттың төменгі қабаттарында орналасқан ойын-сауық орнынан шыққан.
Жергілікті биліктің айтуынша, өрт – жөндеу жұмыстары кезінде тұтанған. Опат болған және зардап шеккендердің дені құрылыс қызметкерлері. Өрттің не себепті басталғаны белгісіз.
Экрем Имамоғлұ, Ыстамбұл мэрі:
- Түнгі клубтағы жөндеу жұмыстарына қатысты кез келген өтініш жоқ. Ойын-сауық жері жертөле қабаттарында орналасқандықтан оңай байқалмайды.
Давут Гүл, Ыстамбұл губернаторы:
- Өрттің шығу себебі белгісіз. Ғимараттың төменгі жағы ойын-сауық орындары үшін пайдаланылған. Біздің тобымыз оқиға орнында алғашқы сәттен бастап жұмыс істеп жатыр. Баршаңызға көңіл айтамын. Ғимараттың лицензиясы 1987 жылы берілген. 2018 жылы қайта ұзартылған.
Тергеу жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 8 күдікті ұсталды. Ел президенті Ердоғанның өзі бұл оқиғаны бақылауға алды.
Меруерт Қанағат, «24.KZ»