Әлемді әбігерге салған су тасқыны
Әлемде толассыз жауын-шашын мен тасқын толастар емес. Соның салдарынан, бірқатар елдерде ауру тарап жатыр.
Мәселен, Латын Америкасында денге безгегі өршіп тұр. Әлем жұртшылығы табиғаттың тосын мінезінен біраз әбігерге түсті.
Құтқару шаралары жүріп жатыр
Ресейдегі су тасқыны күш бермей барады. Алтай өлкесіндегі баспанасыз қалған тұрғындар уақытша тұрақ ретінде қазір мектептерді паналап жүр. Эвакуацияға арналған 3 пункт жұмыс істейді. Оған 150-дей адам көшірілген. Осыған дейін 40 ауылдағы 500-ге жуық үйді су шайып кеткенін айтқан едік. Жағдай өзгеріссіз. Сондай-ақ, Орынбор облысында 250-ден астам елді мекен су астында қалды.
Тұрғын:
- Міне, мынау менің үйім. Түгелімен су астында қалды. Дер кезінде көмек жетпегенде, күніміздің не боларын ойлау қорқынышты. Өйткені біз үйде болғанда судың деңгейі тізеден асқан еді.
Андрей Новиков, құтқырушылар тобының жетекшісі:
- Қолдан келгенше, барлық қажетті шараларды жасап жатырмыз. Ракита ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге толық көшіріп, азық-түлік, басқа да қажетті заттарын жеткізіп жатырмыз.
Тасқыннан кейінгі тұрмыс
Бразилияның Мимозу-ду-Сул аймағында болған су тасқыны кезінде кетуге мәжбүр болған халық үйіне оралып жатыр.
Бірақ көбінің баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Жалпы наурыз айының басында болған тасқыннан 27 адам опат болып, 7 мыңнан астамы үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған еді. Қазір аймақта ахуал нашар. Оның үстіне Бразилияда су тасқының салдарынан денге безгегі өршіп тұр.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері кеселді 2 миллионнан астам адам жұқтырған. 700-ге жуығы қайтыс болды.
Хорхе Виана, денсаулық сақтау комитетінің өкілі:
- Аурудың жылдам тарауына қолайсыз ауа райы себеп болып тұр. Күн райы құбылып тұрғандықтан, алдын ала әрекет ету қиын.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолайсыз климаттың әсерінен бұл індет бүкіл елге тарауы мүмкін деп дабыл қаққан еді. Болжам рас болып шықты.
Денге безгегі тарады
Мәселен, Латын Америкасында соңғы ақпар бойынша 3,5 миллион адам ауру жұқтырған. Мыңдаған адам көз жұмған. Бұл жыл басынан бері тіркелген көрсеткіш. Науқастардың 80 пайызы Бразилия, Парагвай, Аргентина және Пуэрто-Риканың тұрғындары. Өткен айда толассыз жауын-шашын салдарынан Перуде де безгек өршіді.
Джарбас Барбоза, панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының директоры:
- Денге безгегінің өршуіне тасқыннан кейінгі лас су мен топырақ себеп болады.
Әрі ауру таратушы масалар көбейеді. Ауа температурасының күрт көтерілуі, климат өзгерісі қуаңшылық пен су тасқынын тудырды. Бұл үлкен проблемаларға әкеп соғуы мүмкін.