Су тасқыны. Ресейде де жағдай күрделене бастады
Ресейдің Орынбор облысында тасқынмен байланысты жағдай әлі де күрделі.
Қарғын су облыс орталығындағы шағын аудан мен Пристанционный елді мекеніне жеткен. Соның салдарынан жолдар мен ондаған нысан су астында қалды. Олардың арасында мектеп пен балабақшалар да бар.
Осындай жағдайға байланысты қауіпті аймақтағы тұрғындар жаппай эвакуацияланып жатыр. Тасқынға тосқауыл қою үшін құм салынған қапшықтардан бөгет салынуда. Жағдайды бақылауда ұстау үшін жауапты мекемелер ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана бастады.
Бұдан бөлек Ресейдің тағы 26 өңірінде көктемгі тасқынға қатысты жағдай күрделі.
500-ден аса үй мен 2200 жер телімін су басты. 100-ден аса көпір мен 60 жолды су шайып кеткен. Әсіресе Алтай өлкесіндегі ахуал алаңдарлық. Мұнда төтенше жағдай жарияланған. Өңірде 40 елді мекенді су басты. Қазір аймақта 4 мың адамды жайғастыратындай уақытша орталықтар ашылған.
Билік үйі бүлінген тұрғындарға көмек ретінде 30 мың рубльден төлейді. Бұл біздің ақшамен 145 мың теңге шамасында.
Қазір көрші елдің тағы бірнеше өңіріне тасқын қаупі төніп тұр. Мамандар жағдайды дрондардың көмегімен бақылап отыр.