Су тасқыны әлемді әбігерге салып тұр
Италияның Эдоло қаласында төпелеп жауған жаңбыр соңы алапат тасқын мен лай көшкініне ұласты.
Соның салдарынан тас жолдарды топан су алып, талай көлікті ағызып әкетті. Қазір қаланы Априкамен байланыстыратын жол жабық тұр.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, тасқыннан көптеген ғимаратқа зақым келген. Көбінің бірінші қабатын су басқан. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды дереу қауіпсіз жерге көшірді.
Ал Эквадор астанасы Кито қаласын да су басты. Оған нөсер себеп.
Салдарынан бір адам көз жұмды. Қалада жолдар жабылып, көлік қатынасы шектелген.
Мамандар былтыр климаттың өзгеруінен Латын Америкасындағы осы Эквадор, Колумбия мен Перу қатты зардап шеккенін айтады. Соның салдарынан бұл елдерде су тасқыны мен қуаңшылық секілді табиғат апаттары жиілеген.