4 күннен кейін күн тұтылады. Не істемеу керек?
Бұл биылдыққа ғарыш әлеміндегі ерекше құбылыс болмақ.
Күн тұтылуының жалпы ұзақтығы бес сағаттан асады. Ал максималды фазасы 4 минут 28 секундқа созылады.
Күннің толық тұтылуы АҚШ пен Канада, Тынық және Атлант мұхитындағы кейбір аралдарда көрінеді. Жеке фазалардың тұтылуын Солтүстік, Оңтүстік және Орталық Америка, Тынық және Атлант мұхиттары жағалауындағы елдер мен Батыс Еуропа тұрғындары көре алады.
Күннің толық тұтылуы ілуде бір болатын көрініс. Бұл құбылысты қалт жібермеу үшін, бірнеше ай бұрын дайындалғандар бар.
Бұл сәтті 7 жыл күткен әйгілі NASA ғарыш агенттігі күн тұтылу кезінде, ғарышқа 3 зымыран ұшырады. Бұл сапардың жоспары қандай? Мақсаты не?
Ғарыш құпияларын зерттеуге ұмтылу
Биыл Ай Күннің бетін 4 минут 28 секунд бойы жауып тұрады. Осы уақыт аралығында зерттеушілер күн, ай және жердің адамзатқа беймәлім құпияларын ашуға тырысады.
2017 жылы күн мен айдың беттесуі небәрі 2 минутқа созылған. Биылғы тұтылу траекториясы атмосферадағы зарядталған бөлшектерді зерттеушілердің назарын аударып отыр. Оны Бүкіләлемдік радиолокациялық желінің үш құрылғысы бірдей бақылайды. Олар күннен шығатын плазманы бақылайды. Бұл GPS жүйелерінің қызметін жақсарту үшін маңызды.
Билл Нелсон, "NASA" ғарыш агенттігінің өкілі:
- Біз Күннің Жер атмосферасына, әсіресе ионосфераға әсерін бақылаймыз. Бұл біздің атмосферамыздың электрлі зарядталған бөлігі, ол біздің көптеген байланыс және навигациялық сигналдарымыз үшін негізгі арна бола алады. Күн энергиясының ионосфераға қалай әсер ететінін зерттеу арқылы, байланыс желілерінде болатын ақауларды болжап, оны болдырмаудың амалын қарастыруға, оңтайлы жолдарын табуға көмектеседі.
Шадия Хаббал, Гаваи астрономиялық институтының зерттеушісі:
- Біз жұлдыздарды түнде ғана көреміз. Бірақ, ол аспан қабатында бар және бола беретін құбылыс. Бұл құбылыс та дәл сондай. Жұлдыздардан айырмашылығы, күннің толық тұтылу құбылысын көру мүмкіндігі жылдар, ғасырлар өткен соң ғана туады.
Осыдан 7 жыл бұрын, 2017 жылдың тамызында АҚШ-та бір ғасырда алғаш рет Күн тұтылды. Сирек құбылысты миллиондаған адам көрген. Келесі толық күн тұтылуы АҚШ-та 2044 жылы болады.
Зағиптар күн тұтылуын тыңдайды
Бір қызығы, бұл күнді зағип жандар да қалт жібермейді. Олар әуені бар құрылғымен тыңдау арқылы, көпшілік секілді күн тұтылуының куәсі болады. Яғни, күн ашық болған кезде құрылғыдан жоғары, нәзік ноталар ойнап, Ай күнді жаба бастағанда, кларнеттің орташа ноталары естіледі. Қараңғылық төменгі шертіспен беріледі.
Эллисон Берила, тұрғын:
- Аспан – бәрімізге ортақ. Ал Күннің тұтылуы – ерекше құбылыс. Оны әркім өмірінде бір рет болсын сезінуі керек.
Әсерлі астрономиялық оқиғаны кейбіреулер мыңдаған доллар төлеп, арнайы ұшаққа мініп қызықтайды. Бұл кезде ғалымдар, міндетті түрде арнайы көзілдірік тағуды қатаң ескертеді. Себебі, күннің күшті сәулесі көз жанарына зақым келтіруі мүмкін.
Чад Сосолик, Клемсон атындағы физика-астрономия университетінің профессоры:
- Шама келгенше күнге қарамауға тырысыңыз. Тіпті көзіңізде арнайы көзілдірік болған жағдайда да. Иә, бұл қайталанбайтын құбылыс, десе де өте қауіпті. Сондықтан, мамандар ұсынған ережелерді қатаң ұстанған жөн.
Күн тұтылғанда қайтпек керек?
Астрономиялық құбылыс бүкіл жер шарының тұрғындарына әсер етеді. Күн тұтылғанда, жан-жануар мазасызданып, аң-құстар ұяларына тығылады. Орнитологтар күн тұтылу кезінде құстар жолынан жаңылып, біраз сапырылысатынын айтады. Ал адамдарға келер болсақ, күннің тұтылуы ішкі жан күйзелісін арттырып, кейбіреулерді түсініксіз шаршау мен әлсіздік басуы мүмкін. Сонымен қатар бұл кезде көп адамның қан қысымы жоғарылап, жүрек қағысы жиілейді. Ал астрологтардың өз ескертуі бар. Яғни күн тұтылғанда нені істеп, нені істемеу керек.
- Қарызға ақша беру, қарызға ақша алу;
- Маңызды шешім қабылдамау;
- Маңызды құжаттарға қол қоймау;
- Қымбат мүлік алмау;
- Ұрыс-керіске жол бермеу;
- Жұмыстан кетуге арыз жазбау;
Мамандар Күн тұтылған уақытта мейлінше жақсы ой түйіп, жан мен тәнді барынша тынықтыру керегін айтады.
Ал біздің елде күннің толық тұтылуы соңғы рет 2006 жылы 29 наурызда болған екен. Келесі күннің толық тұтылу құбылысы енді 2060 жылы 30 сәуірде болады.
Яғни, 36 жылдан кейін қазақстандықтар да осы керемет құбылысты толық көре алады.