Ресейдің 34 өңірін су басты
Мамандар өзге аймақтарда да осындай қауіп барын ескертеді. Орынбор облысындағы жағдай нашарлап, мұнда төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.
Ал Алтай өлкесіндегі ахуал керісінше жақсара бастады. Эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралып жатыр.
Орынбор облысындағы жағдай күрделі. Тасқынға байланысты бүкіл өңір аумағында төтенше жағдай жарияланды. 1,5 мың тұрғын эвакуацияланған. Оларды қауіпсіз жерге жеткізу үшін мамандар қайықпен қатынауға мәжбүр.
Бұған дейін Алтай өлкесінде де төтенше жағдай жарияланған еді. Мұнда 47 елді мекенді су басқан. Кейінгі тәулікте кейбір аймақта су азая бастағанға ұқсайды. Сондықтан тұрғындар ақырындап үйлеріне оралып жатыр. Бірақ әлі де бірқатар жол жабық тұр. Осы уақытқа дейін 129 мың текше метр су шығарылды.
Билік су басқан өңірлердегі санитарлық жағдайды жіті бақылау керектігін айтады. Сол үшін Алтай өлкесінде залалсыздандыру жұмыстарымен айналысатын 37 бригада құрылған. Мамандар әзірге көрсеткіштер қалыпты межеден аспағанын айтады.
Юлия Головина, РФ Тұтынушылар құқығын қорғау федералдық қызметінің өкілі:
- Микробиологиялық, санитарлық-химиялық көрсеткіштерге қатысты зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Сумен қамту жүйелерінен сынамалар алынды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері алдын алу шараларын жүргізіп, жағдайды күні-түні бақылауда ұстап отыр. Бұл үшін дрондар тартылған. Президент Владимир Путин тасқыннан жапа шеккен тұрғындарға көмек көрсету туралы тапсырма берді. Ал мамандар табиғат апатына қатысты қауіп әлі сейілмей тұрғанын ескертеді.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанна Хусаинова.