Кей мемлекеттер жер бетінен жойылып кетуі мүмкін
2100 жылға қарай жер бетіндегі мұздықтардың үштен екісінің жойылу қаупі бар. Бұл алапат су тасқынына әкеледі . Мұны айтып отырған біз емес Біріккен Ұлттар Ұйымы.
Мұздықтар – ірі су қоймаларының бірі. Әрі жер беті тұрғындарын тұщы сумен қамтамасыз етеді. Бұған қатысты әлемдік сарапшылар не дейді?
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Антарктида айналасындағы мұз жамылғысының ауданы 1,8 миллион шаршы метрге дейін қысқарған. Бұл кейінгі 40 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Су тасқыны салдарынан жыл сайын әлемде 250 миллион адам зардап шегеді. Тіпті болашақта су астында қалу қаупі бар елдер де бар.
Мұздықтар жылдам еріп жатыр
Қазірде Арктика мен Антарктидағы мұз қабаты опырылып жатыр. 1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кеткен. National Geographic зерттеушілерінің дерегіне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін.
Антарктида да жағдай мәз емес. NASA мәліметтері бойынша, 90-жылдардың басынан бастап шамамен 3 трлн тонна мұз қабаты еріп кеткен. Еріген су мұхитқа құйылып, теңіз деңгейі де көтеріліп келеді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Былтыр да, биыл да құрлықта, дүниежүзілік мұхит бетінде рекордтық жылу болды. Мұздықтар бұрынғыдан да көп мұз жоғалтты. Жер бетіне төніп тұран қауіпті, табиғаттың тосын мінезінен-ақ анық байқауға болады. Бұл Жер Ананың барлық адамзатқа жасаған ескертуі іспетті.
Ал 2040 жылға қарай Африкадағы мұздықтар түгелімен жойылып кетуі мүмкін. Бұл – дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамы.
Климаттың өзгергенін соңғы кезде жиілеп кеткен орман өрті мен су тасқыны сияқты табиғат апаттардан байқауға болады. Жалпы, Африкада 3 тау массиві бар. Олар Килиманджаро, Кения мен Рувензориде орналасқан. Жаһандық жылыну салдарынан олардағы мұздықтардың тез еруі байқалып отыр.
Сондай-ақ, Батыс Тянь-Шань да кейінгі онжылдықта мұздықтар 27 пайызға қысқарған. Жаһандық жылынуға байланысты тауларда жауын-шашын аз жауып, сәйкесінше өзен ағыны да азаяды. Яғни, бұл – су дағдарысы күшейеді деген сөз.
Жер бетінен жойылып кетуі мүмкін мемлекеттер
Әлем халқының 70 пайызы су басу қаупі бар аймақтарда тұрады. Мәселен, Қытай, Бангладеш, Үндістан, Индонезия, Филиппин және Жапония тұрғындары.
Тақауда ғана, толассыз жауын-шашын салдарынан, Бразилияда өзендер арнасынан тасып, елдің оңтүстік-шығыс бөлігін су шайып кетті. Эспиранто-Санто штатындағы 7 мыңнан астам адам үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды.
Коронель Серкейра, құтқарушылар тобының командирі:
- Қазір қаланы барынша тазартып жатырмыз. Оған 300 адам тартылды. Елдің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық ерікті көмектесіп жатыр.
Су басу қаупі бар елдер, қашан су басады деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Мәселен, Нидерландының Роттердам қаласында ірі су бөгеттері мен қоймалар салынған. Қатты жаңбыр кезінде, артық судың бәрі соған жиналады. Сондай-ақ, тропикалық елдер суды сақтайтын өсімдіктер отырғызуға көшті.
Егер мұздың еруін бәсеңдетпесе, 2100 жылға қарай теңіз деңгейі 71 сантиметрге дейін көтеріледі. Бұл жағалаудағы мемлекеттер жойылып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. Өйткені адамзаттың 1/3 бөлігі жағалау сызығынан 100 шақырым жерде тұрады. Мысалы, Тынық мұхитындағы Тувалу және Маршалл аралдары солардың алғашқысы болуы мүмкін.
2018 жылы Гавай архипелагына кіретін, Валека аралы жер бетінен жоқ болып, су астында қалды. Экономикасы, экологиясы тұралаған елдер де көп. Яғни, бұл келтірген болжамдардың орындалмасына ешкім кепілдік бермейді.
1953 жылы Солтүстік теңіздегі дауыл салдарынан алапат тасқын болып, Нидерланд елі қатты зардап шегеді. Сол кезден бері, бұл ел 47 жыл бойы су тасқынымен күресіп келе жатыр. Мықты бөгеттер салған. Бір қызығы, бұл елді велосипед елі деп атаймыз ғой. Бұл да сол халықтың, экологияға қосқан бір көрінісі десек болады. Яғни, әлемді құтқару – әр адамның қолында.