Орынборда жағдай қиын
Ресейдің су басқан өңірлерінің саны 39-ға жетті. Әсіресе Орынбор облысында жағдай қиын.
Мұнда 10 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Жайық өзеніндегі су деңгейі 10 метрге дейін көтерілген. Мамандар тасқынға қатысты аймақтағы ахуал тек 20 сәуірден кейін ғана тұрақталуы мүмкін деп отыр.
Орынбор облысына тасқыннан келген материалдық шығын көлемі 21 миллиард рубль шамасында. Жергілікті құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің алдын ала есептеулері осындай.
Аймақта 10 мыңнан аса үйді су басқан. 150-ден аса елді мекен байланыссыз қалды. Билік өкілдері өңірде кейінгі 100 жылда мұндай алапат тасқын болмағанын айтады. Бүкіл облыс бойынша федералдық сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Сергей Салмин, Орынбор қаласының мэрі:
- Тасқынға қатысты жағдай күрделі. Су деңгейі көтеріліп жатыр. Алдағы күндері азаятын түрі жоқ. Су басқан аймақтарда электр энергиясы өшіріліп жатыр.
Облыс бойынша әсіресе Орск қаласындағы жағдай күрделі. Мұнда бөгет жарылғаннан кейін 6,5 мың үйді басқан. Қалада таза ауыз су тапшы. Дүкендердің көбінде бөтелкедегі су таусылған. Басқа сауда орындары оның бағасын көтеріп жіберген. Бұған қатысты тексерулер жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін Орскке 4 мың тонна су жеткізілген.
Александр Куренков, РФ Төтенше жағдайлар министрі:
- Аэромобильді топтың жұмысы ұйымдастырылды. Қалаға өзге өңірлерден, соның ішінде Пермь өлкесі, Мәскеу және Киров облыстарынан мамандар келді.
Орынбор облысы тұғындарынан таза ауыз судың сапасына қатысты көп шағым түсіп жатыр. Сондықтан мамандар 3 мыңға жуық сынама алған. Олар тұрғындарды тек қайнаған не бөтелкедегі суды ішуге шақырып отыр. Ішек ауруларының алдын алу үшін эвакуацияланғандарға вирусқа қарсы препараттар тегін таратылуда. Ал ертеңнен бастап А гепатитіне қарсы жаппай вакцинация басталады.
Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова, 24.KZ