Ресейдің Қорған облысында мыңдаған үйді су басу қаупі бар

Ресейдің Қорған облысында да ахуал күрделеніп барады, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде 62 елді мекен, 4 мыңнан аса үй мен 600 саяжай учаскесін су басу қаупі бар. Себебі Тобыл өзені кейінгі бір тәулікте тағы 15 сантиметрге көтеріліп, деңгейі 3 метрден асқан. Төтенше жағдай министрлігі келтірген мәлімет бойынша табиғи апаттан жалпы саны 19 мыңдай тұрғын зардап шегуі мүмкін. Оның 3,5 мыңға жуығы – бала. Осыған байланысты аталған аймақта қазір тасқынға қарсы жоғары дайындық режимі енгізілді.

Ал Орынбор облысындағы Орск қаласында Жайықтан бөлек Елшанка өзені де таси бастаған. Бір ауруханаға су кірген. Қауіпті аймақтағы тұрғындар қазір эвакуацияланып, уақытша орталықтарға орналастырылып жатыр. Осы уақытқа дейін мұндай орындарға 6 мыңнан аса адам жайғастырылған.

Жалпы бүгінде Ресейдің 39 өңірі табиғи апаттың зардабын тартып жатыр. 10 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалған.