АҚШ-та торнадодан 4 адам опат болды
АҚШ-тың бірнеше штатында дауыл тұрып, торнадо соғып 4 адам опат болды, деп хабарлайды 24KZ.
Тағы ондаған тұрғын жарақат алды. Джорджия штатында жел сағатына 180 шақырым жылдамдықпен ұйытқып, бірнеше мекен электр қуатынан ажырап қалған. Кей өңірде дүлей желмен бірге жаңбыр селдетіп, су тасып жатыр.
Әдетте АҚШ-та торнадолар ең жиі болатын үш айдың бастапқысы – сәуір айы. Биыл да көкектің алқашқы күндерінен бастап алапат құйындар тіркелді. Қолайсыз ауа райы миллиондаған америкалықтарға әсер етті. Көктемгі дауыл қалың жауын-шашын да әкелді. Делавэр өзені арнасынан тасып, Бристоль қаласының көшелерін су басты. Огайо, Пенсильвания, Кентукки, Миссисипи, Индиана, Алабама, Теннеси, Батыс Вирджиния және Джорджия штаттарын торнадолар жайласа, Висконсинда боран соқты. Жүздеген мың тұрғын электр қуатынсыз қалды. Дауыл ғимараттардың шатырларын ұшырып, ағаштарды тамырымен құлатып, көлік қозғалысын тұралатты.
Ронни Ховард, Данбар қаласының тұрғыны:
- Дауыл қатты болды. Ғимаратта жүргем. Ұйытқып соққан желдің екпінінен далада ағаштар мен үйдің қаптамалары сынып, ұшып жатқаны естіліп тұрды. Бір кезде жұмысшылар жүгіріп келіп: «Рон аулада тұрған көлігіңді қара», – деді. Дауыл саябырлаған соң сыртқа шықсам, көлігімнің үстіне жарнама тақтасы құлап жатқанын көрдім.
Торнадодан көптеген ғимарат пен тұрғын үй бүлінді. Бірқатар округта төтенше жағдай жарияланды.
Ал Батыс Вирджиниядағы Уиллинг аралында Огайо өзені арнасынан асып, бірнеше метрге дейін көтеріліп, су тасқыны болды. Қазір аталған аймақтарға дауыл мен жауын-шашын әкелген ауа ағымы Американың шығыс-солтүстігіне қарай ойысқан.
Авторы: Айжан Сыдықова.