Ресейде 100 жылда болмаған тасқын тіркелді
Су басқан Ресейдің Орск қаласында ішек аурулары тарады, деп хабарлайды 24KZ.
Медицина мамандары жұқпалы дерттің жылдам күш алуын шаһардағы қазіргі төтенше жағдаймен байланыстырып отыр. Себебі Орскте ауызсу тапшы. Ертеңнен бастап аймақта індетке қарсы екпе жұмыстары басталады.
Ресейдің Орынбор облысында кейінгі 100 жылда болмаған су тасқыны тіркелді. Бүкіл өңір бойынша федералдық төтенше жағдай жарияланды. Су көпқабатты үйлерге де кіре бастады. 10 мыңнан аса баспана жарамсыз күйде. Тұрғын үйлерге келтірілген залал көлемі 21 миллиард рубльге тең. Бұл сома әлі де өсуі мүмкін. Мамандардың болжауынша, тасқын қауіпі әлі сейілген жоқ.
Сергей Салмин, Орынбор қаласының мэрі:
- Жағдай өте күрделі. Бірер күнде су деңгейі төмендемейді. Керісінше, көтеріледі. Су басқан өңірлерді электр энергиядан ажыратып жатырмыз. Тұрғындарға айтарым, егер жарық сөнсе, шұғыл түрде қауіпсіз жерге бару керек. Мамандарды күтіп отырып қалмаңыздар. Құжат пен бағалы заттарыңызды алып, дереу үйден шығыңыздар.
Аймақтағы тасқын салдарымен күресуге 700 құтқарушы жұмылдырылған. 6 мыңнан аса тұрғын қайықпен қауіпсіз жерге көшірірілді. Дей тұрғынмен дабылды ескермей, үйлерінде қалып жатқандар да аз емес. Өйткені қараусыз қалған мүлікті тонау оқиғалары тіркелді. Құтқарушылар үй-үйді аралап, ұры қарадан қорғауға мәжбүр.
Андрей Мельников, Орынбор облысы бойынша ТЖМ өкілі:
- Менің үйіме су кірмейтін шығар деген үмітпен жүрген тұрғындар эвакуациядан бас тартып, өмірін қатерге тігеді. Құрметті тұрғындар! Ондай әрекетке бармаңыздар! Мамандардың айтқанын бұлжытпай орындаңыздар!
Облыс бойынша әсіресе Орск қаласындағы ахуал қиын. Мұнда бірнеше күн бұрын бөгет бұзылды. Қоймадағы су шаһарды басты. Ол аздай, Елшанка өзені де арнасынан көтерілді. Қалада қазір мектептер жабық. Балалар қашықтан оқу тәртібіне көшірілген. Аймақтағы жалғыз ғана мұнай өңдейтін зауыт та жұмысын уақытша тоқтатты.
Орскте қазір жұқпалы ауру таралып жатыр. 18 тұрғыннан норовирус анықталды. Медицина мамандары індет қайнамаған судан болғанын айтады. Тұрғындар ауызсу тапшылығын тартып отыр. Тіршілік нәрі өзге өңірлерден жеткізіліп жатыр. Ертең қалада А гепатитіне қарсы жаппай вакциналау басталады.
Орынбор облысынан бөлек, қазір Ресейдің 38 өңірін су басқан. Алтай өлкесінде де төтенше жағдай жарияланған. 500 үйге су кірген. Самара облысында 9 аудандағы жағдай күрделі. Мұнда 500 адам эвакуцияланды.
Қорған облысында 62 елді мекенді су басу қаупі бар. Мәскеу аймағында да қауіп сейілмей тұр. Омск және Новосібір облыстарында жоғары дайындық жағдайы жарияланды.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанна Хусаинова.