Ресейде тасқынға қатысты ахуал ушығып барады
Орынбор облысында өзен деңгейі 10 метрден асып кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Ал Қорған облысында тасқын су 18 мың адамға қауіп төндіріп тұр. Себебі су көп көлемде келіп жатыр. Ал АҚШ-та бүгін алапат құйын жүрді.
Орынборда су деңгейі 10 метрге жетті
Ресейдің Орынбор облысында тасқын суға қатысты ахуал әлі де күрделі. Өзен суы көтеріліп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша оның деңгейі 10 метрден асқан. Соның салдарынан жүздеген үй су астында қалды. Жалпы бүкіл облыс бойынша осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам үй, 16 емдеу мекемесі мен 15 мыңға жуық жер алқабына су кірген. Транформаторлық қосалқы станцияларды су басуына байланысты 4 елді мекенде ауызсу беру уақытша тоқтатылмақ. Қорған облысында осыған ұқсас жағдай.
Жалпы Ресейдің құрылыс министрінің сөзінше, баспанасы бүлінген азаматтарға үкімет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, толық жарамсыз деп танылғандарға пәтердің әр шаршы метріне билік 67,8 мың рубль көлемінде өтемақы төлемек.
Алапат құйын жүрді
Американың Колорадо штатында жойқын құйын жүрді. Соның салдарынан Денвер қаласы қатты зардап шекті. Ағаштар құлап, жолдар жабылған. Қалада ұзын-сонар кептеліс. Бұдан бөлек, жүздеген үйге зақым келген. 150 мыңнан астам нысан электр қуаты жоқ. Әзірге табиғат апатынан нақты қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Жергілікті билік тұрғындарды сақ болып, үйде қалуға шақырып жатыр.
Су электр станциясындағы апаттан 3 адам мерт болды
Италияның солтүстігінде Сувиана су электр станциясында жарылыс болып, 3 адам мерт болды. Тағы 5 кісі жарақат алған. 4 адам із-түзсіз кетті. Бұл туралы жергілікті өрт сөндіру қызметі хабарлады. Жарылыс салдарынан станция қызметіне қатты зақым келген, салдарынан жақын маңдағы бірнеше аймақты су басып қалды. Тұрғындар жарықсыз отыр. Әзірге су электр станциясынан не себепті ақау шыққаны белгісіз. Қазір оқиға орнында іздеу-құтқару бригадасы жұмыс істеп жатыр.